Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте жол, жарық пен суға зар болып отырғандар аз емес

  • AstanaTV
  • 10 қаңтар 2020
  • 4041

Елдегі үшінші мегаполисте, әлі күнге ауыз суды сатып алып ішетіндер бар. Шымкенттегі Солтүстік саяжай мөлтек ауданының халқы жол мен жарыққа да жарымай отырмыз деп арнамызға арыз айтты. Қаланың тап іргесінде тұрсақ та аралда қалғандаймыз деп шақырған тұрғындар проблемасын Айзада Төребекқызы көзбен көріп қайтты.

Нағима Мыңжасарова Солтүстік саяжайға тұрақтаған алты жылдан бері ауыз суды сатып алып ішеді. Бөшкесі үш мың теңге. Ай сайын алты мың теңге суға бөледі. Соңғы уақытта темір құтының іші тат басқандықтан ішуге жарамай да қалыпты. Тек кір-қоң мен ыдыс жуғанға ғана қолданып жүрміз, дейді.

Нағима МЫҢЖАСАРОВА:

Мына судың қорлығы жүдә өтті бізге. Айына екі рет құйғызамыз суды. Соның өзі жеткіліксіз. Жалғыз мен емес, бүкіл көрші-қолаңдар бәрі қиналып отыр. Бір бірімізден су сұрап жүргеніміз, «әй, су таусылып қалды, су берші» деп. Ол дұрыс емес қой, қаланың мына шетінде тұрып.
  
Тұрғындар жаздың күні тіршілік нәріне тіпті көп шығындалатындарын айтады. Ыстық күнде бетон құдыққа құйылған су құрттап кетеді деді. 

Бибігүл САПАРБАЕВА:
 
Жаздың күні көп кетеді, өйткені ауыстыруымыз керек. Іші құрттап кетеді. Былтыр деген балдар  инфекционныйға көп түсті бұл жерден. Іші өтті, құсты. Менингит те болған диагнозын қойды, енді қырғын болды бізде жазда. Іштері құрттап кеткен балалар көп, 15 мыңнан шайдырдық апарып диагностикаға балдардың ішін.-Судан ба?-Судан,- деді.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Солтүстік саяжайдағы өзекті мәселенің тағы бірі -электр энергиясы. Жарықты мұндағы жұрт көршілес Достық мөлтек ауданынан өз күштерімен тартып алған. Мынадай салбыраған сымдар, жіп-жіңішке қисайған бағандарды әр көшеден көресің.

Киловатына 23 теңгеден төлейміз деді жергілікті халық. Жаңа құрылысқа тұрғынның алды 2011 жылы қоныстаныпты. Содан бері не су, не жарық, не жолдың мәселесі шешілмеген. Мектеп 2-3 шақырым жерде орналасқан. Қоғамдық көлік атымен жоқ.

Зибагүл  ҚОСУАҚ, СОЛТҮСТІК САЯЖАЙ МӨЛТЕК АУДАНЫНЫҢ АУЫЛ БИІ:

Жылда әкім ауысып кетеді. Әкімнің ауысқаны біздің халыққа зияны тиіп жатыр. Ең бірінші мәселеміз -автобус.  Одан кейін свет. Светіміз слабый. Балаларымыз сабаққа дайындала алмайды. Анау-мынау киім үтіктеуге де жағдай көтермейді, свет көтермегеннен кейін осындай халықтың қиыншылық жағдайын әкіміміз келіп көрмейді, соған біз әкімге өкпеліміз.

Солтүстік саяжайда төрт жарым мыңнан астам халық қоныстанған. Жергілікті шенділер мәселе қанық.  

Мейіржан АЖЕДИН, АБАЙ АУДАНЫ ӘКІМІ АППАРАТЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:

 
2020 жылы Су жоба құрылыс мердігер мекемесі наурыз айында жобаны аяқтағаннан кейін мемлекеттен қаржы қарастырылып, ауыз сумен, электр жарығымен Солтүстік саяжай шағын ауданы қамтылады. -Осы уақытқа дейін неге қамтылмай келді?-Енді халықтың тығыз орналаспауына байланысты, халықтың толық жетіспеуіне байланысты.

Шағын автобустар жүретін болып шешіліпті. Алдағы бір айда жолға шығады деп сендірді. Қырқына шыдаған халық, әкім уәдесінде тұрса 1 айдың да, 3 айдың да ауылы алыс емес деп отыр.

А. Төребекқызы