Русский Сайттың толық нұсқасы

Жамбылда екі теміржолшыны пойыз басып кетті

  • AstanaTV
  • 14 қаңтар 2020
  • 3451

Жамбыл облысында жүрген теміржол қызметкерлерін пойыз қағып кетті. Марқұмдар алған жарақаттарынан оқиға орнында қаза тапты. Ал Павлодарда теміржолдан өтпек болған тұрғын тепловоздың астына түсіп мерт болды. Тілші материалы.

Қайғылы жағдай Жамбыл облысының Бел станциясына жақын маңда болған. Шойын жолдың бойында жүрген жұмысшыларды «Алматы-Ақтөбе» бағытына қатынайтын жолаушылар пойызы қағып кеткен. Олар алған жарақатынан оқиға орнында жан тапсырыпты. Әзірге жұмысшылардың пойыз астына қалай түсіп қалғаны белгісіз. Кейбір ақпарат құралдары бақытсыз жағдай жұмысшылардың рельс бойын тазалап жүргенде болғанын жазды. Марқұмдардың бірі 33, екіншісі 44 жастағы теміржолшылар.

Ләззат ҚАСЫМЖАНОВА, ҚР ІІМ КӨЛІКТЕГІ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Бұл енді қазіргі күні Шу станциясындағы желілік полция бөлімінің сотқа дейінгі тергеудің біріңғай тізіліміне ҚР қылмыстық коддексінің 344 бабының 3-ші бөлігі бойынша тіркелді. Яғни, бұл теміржолдағы қауіпсіздік ережелерін бұзу және жүріп-тұру деген баптар бар. Соған сәйкес, сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіміне тіркелді. Дәл қазіргі күні тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Ал Павлодардағы жағдай таңғы уақытта болды. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, тұрғын теміржолды кесіп өтпек болғанда, тепловоз астына түсіп қалған.

Мақпал ҚАРЖАУБАЙ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Таңертеңгі сағат 08:12-де жедел жәрдем қызметінің желісіне куәгерлерден ер адамның тепловоз астына түсіп қалғаны туралы ақпарат келіп жетті. Оқиға орнына жедел жәрдем қызметінің бригадасы 7 минут арасында келіп жетті. Оқиға орнында құтқарушы қызметкерлер жұмыс атқарды.  Жедел жәрдем қызметкерлерімен биологиялық өлім фактісі тіркелді.


Әзір марқұмның кім екені әлі анықталмады. Қолда бар ақпарат бойынша  ол еуропалық келбеттегі 40 жас шамасындағы ер адам.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Павлодар облысында жыл басталғалы бері теміржолда 5 адам опат болған. Өткен жылы 100-ге тарта қайғылы оқиға тіркеліпті. 25 мыңнан астам адам белгіленбеген жерден теміржолды кесіп өткені үшін жауапкершілікке тартылыпты.

Мамандар теміржолдағы қайғылы оқиғаға көбіне адамдардың қауіпсіздік ережелерін сақтамауынан болатынын айтады.
 
Ө. Қуанар