Русский Сайттың толық нұсқасы

«Бек Эйр» әуккомпаниясының қызметкерлері көмек сұрады

  • AstanaTV
  • 14 қаңтар 2020
  • 3666

«Бек Эйр» әуекомпаниясынан тағы да дау шықты. Бұл жолы мекеме қызметкерлері жұмыссыз қалғандарын айтып, құзырлы органдардан көмек сұрады. 300-ден астам маман апат болған күннен бері ақысыз демалысқа жіберілген. Басшылары компания жұмысы комиссия шешімі шықпайынша басталмайтынын айтқан. Әсем Лесбектің репортажы.

Пилот, бортсерік, инструктор, инженер мен есепші. Бұл - жаңа жыл қарсаңында апатқа ұшыраған «Бек Эйр» әуе компаниясының қызметкерлері. Авиация саласында кемі 3 жылдан 15 жылға дейін тәжірбиесі бар мамандар қайғылы жағдай болғалы бері жұмыссыз жүр. Өйткені мекеменің ұшу сертификаты тоқтатылған, ал қызметкерлері ақысыз демалысқа жіберілген.

Тұрсын АХМЕТОВ, «BEK AIR» ӘУЕ КОМПАНИЯСЫНЫҢ БОРТСЕРІК ИНСТРУКТОРЫ:
 
Сертификаттар тоқтатуы мәселесі бойынша ешқандай службада адамдар жұмыс істеп жатқан жоқ. Авиция саласында 13 жылдай қызмет етіп келемін. Әріптестерім 5 жыл, 7 жыл, 10 жылдан астам менен көп тәжірибиемен істеп келе жатқан кісілер. Мен өзім көпбалалы отбасыда жалғыз өзім ғана жұмыс істеймін. Және әріптестерім бар ипотекасы, несиелері бар. Жалғысбасты ана деген кісілер бар.

«Бек Эйр» мекемесінде 400-ке тарта қызметкер тіркелген. Компания басшылығы комиссия шешімі шыққанша оларды амалсыздан ақысыз демалысқа жібердік дейді. Жұмыссыз қалғандар арасында желтоқсандағы қайғылы жағдай кезінде жанқиярлықпен жолаушыларды құтқарған бортсерік Мұрат Сахов та бар.
 
Мұрат САХОВ, «BEK AIR» ӘУЕ КОМПАНИЯСЫНЫҢ БОРТСЕРІГІ:
 
Осы апатқа дейін қанша апат құлады басқа компанияларда. Бірақ соныменде ашылып жұмыс жатыр ғой. Құлағаннан кейін, менің естуім бойынша ешқандай лецензия алмаған, ештеме болмаған. Ал именно біздікін неге алып қойған соны түсінбей жатырмыз.

Алмас НАЙЗАБЕКОВ, ЕКІНШІ ПИЛОТ:

Қазір қоғамда біз туралы нешетүрлі пікірлер айтылып жатыр. Даттап, балағаттайтындар да бар. Әріптестерімнің атынан айтатыным, біз де сіздер секілді қарапайым адамдармыз. Авиация саласында қанша жылдық тәжірибесі бар мамандар болсақ та, жұмыссыз қалып отырмыз. Бала-шаға, несие бар,   қаражат мәселесі бізді де қинап тұр.

Ал компания басшысы министрлік жауабын күтіп отырғанын айтты.

Нұрлан ЖҰМАСҰЛТАНОВ, «BEK AIR» ӘУЕ КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

«Бек Эйр» компаниясы ұшу сертификатынан айырылғандықтан мекемедегі барлық жұмысты тоқтатуға тура келді. Сондықтан барлық қызметкерлеріміз амалсыз ақысыз демалысқа жіберілді. Енді бұл жағдайдың қашанға дейін жалғасатынын нақты білмейміз. Өткен аптада министрлікке хат жолдадық, әзірше жауап келмеді.

Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:

Жыл басталғалы жұмыссыз, табыссыз қалған компания қызметкерлері енді не істейтіндерін білмей дал. Жантүршігерлік апатқа қатысты бірнеше болжам айтылғанымен, ресми нақты себеп әлі анықталған жоқ. Тергеу, тексеру жұмыстарымен арнайы құрылған үкіметтік комиссия айналысып жатыр.

Ә. Лесбек