Русский Сайттың толық нұсқасы

Рейімов ісі метро құрылысына кедергі келтіруде

  • AstanaTV
  • 14 қаңтар 2020
  • 2719

Кәсіпкер Қайрат Рейімов ісі метроның құрылысын аяқтауға кедергі келтіріп жатыр. «Алматыметроқұрылыс» Акционерлік Қоғамының атқарушы директоры Батыр Адайбаевтың айтуынша, соңғы уақытта құрылыс жұмыстары кешіктіріліп, жұмысшылар саны тұрақсызданған. Оған себеп, бөлінетін қаржының кеш түсіп,  акционердің қамауда отыруы. Ал, Қайрат Рейімовтың қорғаушысы Сәлімжан Мусиннің айтуынша, дау тудырған 1,5 млрд теңге қарыз өтелген. Тіптен, келісім бойынша уәде етілген "Алматыметроқұрылыс" компаниясының 39 пайыз құнды қағазын беруге де дайын. Алайда, қылмыстық іс тоқтатылмай тұрған көрінеді.

Сәлімжан МУСИН, ҚАЙРАТ РЕЙІМОВТЫҢ ҚОРҒАУШЫСЫ:


Екі мекеме арасындағы келісімшарт бар және ол заңды түрде орындалған. Мұндай жағдайда ешқандай қылмыстық іс қозғалмауы керек. Сонымен қатар, іске қатысты екінші тараптың қамауда отырғаны заңсыз. Құқық қорғаушылар болса, компанияның құнды қағаздарына шектеу қойды.


Батыр АДАЙБАЕВ, «АЛМАТЫМЕТРОҚҰРЫЛЫС» АҚ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

Жоспарланған құрылыс жұмыстары уақытынан кешіктіріліп жатыр. Өйткені, өткен жылдан бері қаржыландыру жұмыстары уақытында жүргізілмей келеді. Оған қоса мынадай жағдай болып қалды. Қазір біздегі құрылысшылар саны тұрақсыз. Жалақыны аз деп жұмыстан кетіп жатыр.


Айта кетейік, "Алматыметроқұрылыс" АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Рейімов бірнеше жыл бұрын кәсіпкер Дінмұхамед Ыдырысовтан 1,5 млрд теңге қарыз алған. Жыл соңында ол ақша толық өтелген. Алайда авокаттың айтуынша, кәсіпкер "Алматыметроқұрылыс" компаниясының 100 пайыз акциясына көз салып, оны полиция департаменті арқылы тартып алғысы келеді.  Ал Қайрат Рейімовтің өзі уақытша қамау абақтысында отыр.

А. Кемелжан