Русский Сайттың толық нұсқасы

Батысқазақстандық кәсіпкерді отбасымен өлтіргендер іздестірілуде - БҚО ПД

  • AstanaTV
  • 15 қаңтар 2020
  • 3489

Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек ауданында тұратын кәсіпкерді белгісіз біреулер отбасымен қырып кетті. Қандықол қарақшылар 66 жастағы кәсіпкер Александр Запрометов пен оның әйелін, тіпті Ресейден келген ұлын да пышақтап өлтірген. Олар жанұшырып телефон арқылы көмек сұраған әйелді де аямапты. Кейін ізін жасыру үшін үйді өртеп жіберген.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Қапыда қаза тапқан кәсіпкердің үйі - осы. Баспанасы да ауыл шетіндегі елеусіз үйлердің бірі. Қазір ауланы жағалай мынадай «Өтуге болмайды!» деген лента жүргізіліпті. Ал іргедегі күдіктілердің ізі болуы мүмкін деген жерге полиция мынадай арнайы белгі қойып жатыр.


Көз жасын ірке алмаған ауыл тұрғындарының сөзінше, түнде үйге баса көктеп кірген қарақшылар әуелі отағасына бас салған. Ресейден қонаққа келген оның ұлын да пышақтап өлтіріпті. Дүкендегі қызметшілерінен көмек сұрап, телефон шалған әйелді де аямаған. Кейін қылмыстың ізін жасыру үшін үйге от қояды. Бірақ өрт сөндірілгесін, үйдің ішінен үш адамның пышақталған денесі табылды.

Петр ФОМЕНКО, ТҰРҒЫН:

Ақша үшін нашақорлар өлтірді деген де қауесет тарады. Бірақ ауылдағы дүкеннен көп ақша түспейді. Кім болса да, өлтіруге бел байлағандар деп ойлаймын. Өйткені табалдырықтан күтіп алып, пышақтаған. Өздеріне қарсылық көрсеткен ұлының ішек-қарнын ақтарып, басына да пышақ тыққан.

Оразғали СӘМЕТОВ, ТҰРҒЫН:

Бұл қылмысты жасағандар ауылдың адамы емес. Әлде баласы Ресей жақта бірдеме бүлдіріп, соның артынан кек алуға іздеп келуі де мүмкін. Әйтпесе ол - ауылға еңбегі сіңген адам. Тірі жанға қиянаты жоқ еді.

66 жастағы Александр Запрометов Янайкино кеңшарын 20 жылдай басқарыпты. Кейін шаруа қожалығын ұйымдастырып, ауылдан жеке дүкенін ашады. Кәсіпкердің өзімен бірге қаза болған ұлынан бөлек қызы бар көрінеді. Ал ауыл әкімі марқұмды жерлеуге көмек беретінін жеткізді.

Ауған ӘЛМҰРЗИН,  ЯНАЙКИНО АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Орташа тұратын жанұя, беделі бар осы ауылда. Көп жылдан бері тұрады. Көп жылдар жұмыс істеген кісі. Халықпен қарым-қатынасы жақсы. Біздің ауылдық округке көмегін тигізіп тұрады. Қоғамдастық кеңестің мүшесі ол кісі.

Қазір оқиға орнында криминалистер жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар ауылға кірген және шыққан көліктер жаппай тексеріліп жатыр. Әзірге күдіктілер туралы ақпарат жоқ.

Болатбек БЕЛГІБЕКОВ, БҚО ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Адамдардың мүрделері қазіргі уақытта сот-медициналық сараптамаға жолданды. Қазіргі уақытта аталған іске қатысы бар тұлғаларды және куәгерлерді анықтау бағытына жедел тергеу жұмыстары жүргізілуде.

Қазір осы оқиға бойынша қылмыстық кодекстің 99 бабы бойынша іс қозғалды. Үш бірдей адамның өмірін қиған қылмыскерлерді іздестіруді ішкі істер министрі өз бақылауына алыпты.

Е. Карин