Русский Сайттың толық нұсқасы

Жылу электр орталығында күйіп қалған жұмысшы қайтыс болды

  • AstanaTV
  • 16 қаңтар 2020
  • 1899

Қызылжарда жылу электр орталығында күйіп қалған жұмысшыны ресейлік дәрігерлер аман алып қала алмады. Марқұмның туыстары бұған жұмыс беруші компанияны кінәлап отыр. Отағасынан айырылған отбасы өтемақыға ие бола ма? Төтенше жағдайға кім кінәлі? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин әңгімелейді.

Төтенше жағдай қаңтардың 7-і күні болды. Иван Семендеев жылу қазандығындағы күлді тазалау кезінде, күйіп қалған. Бірден жергілікті ауруханаға жеткізілді. Денесінің 80 пайызы күйік шалған жұмысшының жағдайын дәрігерлер ауыр деп бағалады. Артынша туғандары оны Ресейдің Омбы қаласындағы арнайы орталыққа апарған. Бірақ, ақ халаттылар оны аман алып қала алмады.  Марқұмның артында қалғандар болған жайтқа жылу электр орталығыны басшылары кінәлі деп есептейді.

Альфия ГОЛИКОВА, МАРҚҰМНЫҢ ҚАРЫНДАСЫ:

Мен Иванмен сол күні бірге жұмыс істеген әріптесімен сөйлестім. Оның айтуынша, олардың ауысымы кешкі сағат сегізде аяқталды. Бірақ жылу қазандығы күлден тазартылмағандықтан оларды жұмыстан жібермепті. Он бес адам қайтып тазарту ісіне кіріскен. Сол кезде күл мен ыстық бу атқылап, менің ағам күйіп қалды. Севказэнерго компаниясы өз қызметкерлеріне бұл оқиға жайында жария етуге тыйым салыпты. 

Төтенше жағдайдан кейін бірден сұхбат берген жылу электр орталығының өкілдері сұқбат берген еді. Ол кезде жылу қазандықтарын тазалайтын қондырғының істен шыққанын растаған болатын.

Вадим ЯГОДИН, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ ЕКІНШІ ЖЫЛУ ЭЛЕКТР ОРТАЛЫҒЫ БАС ИНЖЕНЕРІНІҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

 
Бізде 12 жылу қазандығын тазартатын арнайы қондырғы бар. Оның күлін күніне бір рет алып отыру керек. Бұл қондырғы сол күні істен шықты. Жұмыс барысында ондай олқылықтар болып тұрады. Сондықтан жұмысшылар оны қолмен тазартуға мәжбүр болды.

Қазір "Севказэнерго" компаниясы оқиғаны бүге-шүгесіне дейін ашудан бас тартып отыр. БАҚ өкілдеріне тек марқұмның ем-домы мен жерлеу рәсіміне кеткен шығынды қайтаратындары жөнінде жазбаша түрде хабарлады. Ал облыстық еңбек инспекциясы кәсіпорында тергеу жұмысын қолға алды. Он күнге созылатын тексерістің нәтижесінде олар апатқа кінәлі тұлғаларды анықтайтынын мәлімдеді.

Гүлнәр МЫРЗАҚАНОВА, СҚО ӘКІМДІГІ МЕМЛЕКЕТТІК ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

Егер кәсіпорын жауапты тұлғаны тағайындамаса, жоспарлы жұмыстың құжаттамасы болмаса, жұмысшылар арнайы киіммен қамтамасыз етілмесе, онда кінә жұмыс берушіге артылар еді. Әзірге тексерістің барысында біз аталған талаптардың орындалғанын көріп отырмыз. Комиссия өз қорытындысын құқық қорғау органдарына ұсынады. Кінәлі тұлғаларды полиция жауапқа тартады.


Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:
 
42 жастағы Иван Семендеевтің мүрдесі бүгін Омбыдан келіп, ертең туған өлкесі Қызылжар ауданында жер қойнына тапсырылмақ. Марқұмның артында 16 жастағы қызы қалды. Айта кету керек, жылу электр орталығының маманы төтенше жағдайдан сақтандырылған екен. Демек, бұдан былай жеткіншекке ай сайын алимент төленетін көрінеді.


А. Құрманкин