Русский Сайттың толық нұсқасы

Шетелден қомақты табыс таппақ болғандар, "сан соғып" қалды

  • AstanaTV
  • 16 қаңтар 2020
  • 2895

Шетел асып, қомақты қаржы табамыз деген қазақстандықтар алаяқ компанияға алданып қалдық деп шағымданды. Күмәнді серіктестік олардың ақшасын жинап, ізін суытқан көрінеді. Тақырға отырдық дегендер талай рет құзырлы органдарға шағым жазған. Алайда, еш нәтиже жоқ.

Бұл адамдар шетелден табысы жоғары жұмыс тауып береміз деген компанияға имандай сеніп, соңғы тиынына дейін санап берген. 33-жастағы Жұлдыз Көпжасарова осыдан бір жарым жыл бұрын Чехиядағы шоколад фабрикасында миллиондап қаржы табамын деп ойлапты. Астаналық тұрғын енді ол  түсіме де кірмейді, дейді. Қомақты жалақы тұрмақ, өзінің маңдай терімен тапқан ақшасын қайтара алмай отыр.

Жұлдыз КӨПЖАСАРОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Не ақшамыз жоқ. Не фирманың адамдарын да таппаймыз. Барғанда "опечатано" офистарының бәрі. Жоғарыдағыларға келіп отырмыз. Прокуратураға. Администрацияға жаздық бүкіл. ДВД-ға бәріне жаздық. Нақты жауап ешкімнен күтіп жатқан жоқпыз.Уже 2 жылдан бері әр есікті қағып, нақты жауаптарымызды ала алмай отырмыз.

Жат елге барып күреп ақша табамыз дегендерден фирма әуелде қызмет көрсету ақысы деп 200 000 теңгеден жинап алған. Оған жол-пұл, пәтерақы мен сақтандыру кіреді деп сендірген. Қала берді, виза жасату үшін оларды Мәскеуге де жіберіпті. Кеткен шығынмен, келген соң есептесеміз деп келіскен. Зардап шеккендер оған да 200 000 теңге шығындалған. 

Құралай ГАЛИЕВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Кредит алдық. Көбісіміз сол ғой кредит. Сол кредит қазір шығып жатыр ғой. Еріккеннен барам деп ойлаған жоқпын. Менің жасым да үлкен. Өз-өзім де кішкене ақша істеп алайын деп бәрі әдемілеп айтқасын сеніп соларға шығам деп ойлағам ғой жұмысқа. Птица фабрикаға барасыңдар. Айына 1,2  мың доллармен аласыңдар. Даже еще больше.

Алдандық дегендер кезек-кезек қалалық прокуратураның табалдырығын әлі тоздырып жүр. Әуелде мұнда 200-ден аса адам арыз түсіргенімен, қазір оның саны 100-ден әрең асады. Үмітін үзіп, арызын қайтып алғандар да, даулап жүріп ақшасын қайтарып алғандар да бар. Десе де, компания әлі де 40 млн теңге қайтаруы керек.  

Руслан АБИМБАЕВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ ПРОКУРОРЫНЫҢ КӨМЕКШІСІ:

Енді ол қылмыстық іс бойынша барлық келісім шарттар, шет мемлекеттердің жауапкершілік шектеулі серіктестіктерімен орындалған болатын. Сондықтан іс бойынша шет мемлекеттерге жіберген тапсырыс орындалмайынша, біз нақты шешім қабылдай алмаймыз. Сондықтан, тергеу мерзімдері созылып қалған. Жәбірленушілерге келтірілген шығын сот арқылы қайтарылады.

Ал заңгер сағызша созылып кеткен істі оңай жабуға болатын еді, дейді. Оның пікірінше, компанияның үстінен «алаяқтық» дерегімен қылмыстық іс қозғағандары қате болған. Себебі, серіктестіктің күмәнді әрекеттерге барғанын дәлелдеу қиынға соғады. Олар өз міндеттерін жартылай болса да, орындаған деп отыр.   

Аржан САДУАҚАСОВ, ЗАҢГЕР:

Мысалы айтатын болсақ, визаны алып беремін деп визовый центрге ақша төлеген. Ол транзакциясы бәрі бар олардың қолында. Оның үстіне, шетел посольствосы визаны беру-бермеу өздерінің шешімі. Егер олар азаматтық сотқа жүгінгенде, 3 айдың, 4 айдың ішінде шешілетін еді. Бұны тек азаматтық іс арқылы өндіріп алуға болады.

Ел-жұртты алдап, сан соқтырды деген күдікке іліккен "Runeurope" cеріктестігі туралы әлеуметтік желі арқылы да іздестірдік.

Дегенмен, мардымды бірде бір ақпарат жоқ. Сондықтан, олармен  байланысу мүмкін болмады. Ал, алаяқтың құрбаны болдық дегендер істі аяғына дейін жеткізуге бел буған. 

А. Мүтәлі