Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда жылу уақытында берілмегендігі үшін жауапты атқамінерлер сөгіс алды

  • AstanaTV
  • 09 қазан 2017
  • 2782

Солтүстік Қазақстан облысында жылуды уақытында бермеген атқамінерлер облыс әкімінен сөз естіді. Құмар Ақсақалов өзінің орынбасары мен қала әкіміне қатаң сөгіс жариялады. Аймақ жетекшісінің айтуынша, Петропавлда жылыту маусымы бірнеше жыл қатарынан қыркүйектің 25-і басталған. Алайда сол жылдары күн райы жылырақ болды. Сондықтан бұл фактіні әу баста ескеру керек еді, дейді ол. Сондай-ақ, облыс әкімі мердігерлердің жұмысына да көңілі толмайтындығын жеткізді. Магистральді жаңғырту жұмыстарына қаражат кеш бөлінгендіктен, жұмыс күні-түні тындырылуы тиіс еді, - деді облыс басшысы.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Жылыту маусымының басталуына екі апта қалғанда жауапты тұлғалар барлығын дайындап қоюы тиіс еді. Олар өз жұмысына бейжай қарағады. Осыған байланысты облыс әкімінің орынбасары Антон Федяев, қала әкімі Марат Тасмағанбетов, Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Тасмұрат Қатқадамовқа қатаң сөгіс жариялаймын. Ал Севказэнерго компаниясы үйлерге жылу бергенімен, баспаналар әлі де суық. Сондықтан энергетиктер осы күнге дейін жылу бергені үшін тұрғындардан коммуналдық төлемді талап етпеуі тиіс.

Бүгінде қаладағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың барлығы дерлік жылуға қосылған, деп хабарлайды шенеуніктер. Бірақ жөндеу жұмыстарының аяқталмауына байланысты жылу магистральдарының қауқары 17 баспана мен бірнеше балабақшаға жетпей жатыр. Кейбір мекемелер жылу жүйесіндегі қысымды арттыру үшін мықты сорғыларды сатып ала бастаған.

Марина Артеменко, «Солнышко» балабақшасының меңгерушісі:

Құбырлардағы судың температурасы құбылып тұр. Таңертең 65 градус болса, қазір ол 45-ке дейін түсті. Әлгінде 75 мың теңгеге сорғы сатып алдық. Кешке дейін орнатамыз. Нәтижесінде балабақшамыздың жылынатынына сенеміз. Қазір бөлмелерде ауа температурасы 18-20 градус.