Русский Сайттың толық нұсқасы

Отбасылық жанжал кезінде қаза тапқан полицей ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды

  • AstanaTV
  • 20 қаңтар 2020
  • 2051

Тобыл қаласында полицейді өлтірді деп айыпталған күдікті маскүнем болып шықты. Енді ол 15 жылға сотталуы мүмкін. Ал сол күні бүтін бір отбасын ажалдан арашалап қалған полицей ісін президент ерлік деп бағалады. Пышақ сермегенде полицей Дархан Базарбаевтың неге қару өтпейтін кеудешесі мен қаруы болмаған? Өзгенің өмірін сақтау үшін өз өмірін қиған өжет сержант жайлы Заңғар Санай өрбітеді.
 
Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ:

Жиырма бес жасында қыршын кеткен Дархан Базарбаевтың қазасына қалың жұрт қайғырып, қабырғасы қайысты. Антына берік, қызметіне адал болған сержанттың артында келіншегі мен 4 айлық нәрестесі және ата-анасы аңырап қалды.

Отбасылық жанжал болып жатыр деген хабарлама түсе салысымен қос полицей Дархан Базарбаев пен Амангелді Сыздықов оқиға орнына жетеді. Олар 28 жастағы қолында пышағы бар, өзі ішімдік ішкен еркектің "бір отбасын түгел қырамын" деп бүлік шығарғанын естиді. Бұзақыны ұстау кезінде суық қару тәртіп сақшысына тиген. Отбасына төнген қауіпті сейілтемін деп бұзақымен арпалысып жүргенде жарақатын сезбеген. Пышақ жүрек тұсына тигендіктен, сержант жедел жәрдем келгенше ажал құшыпты.

Амангелді ӨМІРБАЕВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ ПД АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Жол-патрульдік службадан бастап,арқы қарай шығам деп,ары қарай көтерілем деген өзінің жоспары болған ғой. Жас бала. Соны енді жоғалтып алдық. Қасында жүрген әріптестері өте сыйлы, жақсы бала, жақсы жігіт, жақсы қызметкер деп айтып отыр.


Қас-қағым сәтте қаскөйдің отбасы мүшелерін қырып салу қаупі тұрды. Сондықтан полиция қызметкерлері брондалған кеудеше киіп үлгермеген. Ал  пышақты қағып түсіру үшін табельдік қару қолданудың қажеті жоқ деп шешкен.

Құрмет МӘЖІКЕНОВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ ПД ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:

Осы жағдайды біз бүкіл жеке құрамға жеткіздік. Енді жеке құрамның командирлері, полиция басқармасының бастықтары осыған қарай әртүрлі вызовтарға бронежелет кидіртеміз енді.

Дархан Базарбаевқа пышақ сермеген адам бұрын заңсыз шекара кесіп өткені үшін жауапкершілікке тартылған. Ол тұтқындалды. Күдіктіге қатысты қылмыстық кодекстің 99 бабы 2 тармағы, яғни, «Қызмет бабын орындау барысындағы тұлғаны өлтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Алексей ЗОЛОТОРЕНКО, ЖӘБІРЛЕНУШІ:

Михаил екеуміз келіспей қалдық, соңы төбелеске ұласты. Содан кейін ол үйіне барып, пышақ алып шықты. Мен есікті жауып үлгердім. Оны кіргізбей тұрдым.

Қапияда қаза тапқан Дархан Базарбаев полицияда 5 жыл қызмет еткен. Өр мінез жігіттің өткен жылы иен далада «КамАЗ» жүк көлігінің жүргізушісін үсіктен аман алып қалғаны әріптестерінің әлі есінде.

Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ:

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен қызметтік борышын атқару үстінде көз жұмған полицей ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды. Айта кетейін тәуелсіздік алғалы аймақта қылмыскерлерді ұстау кезінде 13 полицей қаза тапқан.

З. Санай