Русский Сайттың толық нұсқасы

Сүйіктісінің ұлын айуандықпен өлтірген қылмыскер қалған өмірін түрмеде өткізеді

  • AstanaTV
  • 21 қаңтар 2020
  • 3960

Қазақстанда балаға жасалған қастандық үшін тұңғыш рет өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы қолданылды. Алқа билер соты Қарағанды облысының Бұрма ауылында 3 жасар баланы қатыгездікпен өлтірген 24 жастағы Игентай Сопыжановқа бүгін осындай үкім кесті. Судья оның бүлдіршінге жасаған айуандығын жіпке тізді. Ал анасы болған жағдайға өзінің де кінәсі барын мәлімдеді. Атышулы отырыстан Айжан Қуаштың материалы.

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:

Игентай Сопыжанов 3 жасар бүлдіршінді өлтіріп, «кәмелетке толмаған баланы ұрлау», «кепілде ұстау», «өлтіру» секілді 3 бірдей баппен айыпталған. Соған қарамастан, оның неліктен алқа билер сотын таңдағаны түсініксіз. Өйткені қоғамда үлкен наразылық тудырған істі қарапайым тұрғындардың қарауынан оның ұтпайтыны анық еді. Бүгін Сопыжановқа алқа билер соты «өмір бойы бас бостандығынан айырылсын» ,- деген үкім кесті.
 
Отырысқа төрағалық еткен судья Исламхан Есенбаев та осы шешімді қолдады. Бүгін ол қылмыстың бүге- шігесіне дейін оқып шықты. Игентай Сопыжанов сүйіктісінің 3 жасар баласын өткен жылы қыркүйектің 5- і күні Бұрма ауылдағы дүкеннің алдында тартып әкеткен. Сөйтіп алдымен бұзылған үйде ұстап, кейін шеттегі орманға апарып, азаптап өлтіріпті. Баланың денесін ауылдықтар мен 6 жүзден астам ерікті, полицейлер бірлесіп, 3 күн бойы іздеп әрең тапқан. Ал Игентаев қашқалы тұрған жерінен вокзалда ұсталған.

Исламхан ЕСЕНБАЕВ,ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР БОЙЫНША АРНАЙЫ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:


Игентай Сопыжанов оң аяғымен кеудесінен тепкен. Баланың қабырғасы сынып, өкпесі зақымданған. Сопыжанов одан кейін кеудесіне мініп алып тұншықтырған. Кейін басын таспен ұрған. Миына қан құйылып жарақаттанған бала сол жерде қайтыс болған. Сот Сопыжановты кінәлі деп танып, өмір бойы бас бостандығынан айырады. Жазасын төтенше қауіпсіздіктегі абақтыда өтейді. Сонымен бірге жапа шегуші Ника Васильеваға 5 млн теңге морольдық шығын өтейді.

Сопыжановқа шығарылған үкім алқа билер сотының құрамындағы 10 адамның жасырын дауыс беруі арқылы шығарылған.

Бекзат ШАЛҒЫМБАЕВ, ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР БОЙЫНША АРНАЙЫ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯ- ҮЙЛЕСТІРУШІСІ:


Қазіргі заңға сәйкес өмір бойы бас бостандығынан айыру үшін  алқа билер соты 100 пайыз дауыс беруі тиіс. Сот төрағасы да оларды қолдап, барлығы бірауыздан келісуі тиіс.

Бүгін кішкентай Максим Гарифуллиннің анасы Ника Васильева болған жағдайға өзін кінәлайтынын жасырмады. Айтуынша, Игентай Сопыжанов осыдан 4 жыл бұрын әйелдің туған тәтесін қарым- қатынастарына бөгет болғаны үшін өлтірген. Алайда 9 жылға сотталып мерзімінен бұрын босап келген соң Васильеваны еш кінәсі жоқ екеніне сендірген. Жарты жылдан соң әйел суи бастаған соң ұрып-соққан, тіпті алып қашқан. Ал бейкүнә бүлдіршінге қастандық жасауына сүйіктісінің полицияға жазған арызы себеп болған. Сопыжанов әйелден арызды қайтарып алуды талап еткен.

Ника ВАСИЛЬЕВА, БАЛАНЫҢ АНАСЫ:

Мен оған сеніп қалғаным үшін кінәлімін. Өмір бойғы жазаға кескені дұрыс болды. Ату жазасын сұрар едік, алайда бұл ол үшін тым жеңіл. Анам екеуміз жеңіл өлімнен гөрі азаптанып, жұмыс істеп қиындық көргенін қалаймыз. Тегін тамақ ішіп, ұйықтап жатпасын. Сол үшін морольдық өтемақы сұрадық. 

Алайда Игентай Сопыжанов сотта өз кінәсін бірде мойындаса, біресе жоққа шығарып мың құбылды. Сот залында екі рет өзіне қол салуға әркет жасады. Алайда кейін тамағын тырнағымен ғана жарақаттағаны анықталды. Бүгін де ол шындықты білгенде өкінесіңдер»,- деп айтып кетті. 

Айжан ҚУАШ,ТІЛШІ:

Айтпақшы, елімізде балаларға қатысты жасалған қылмыстарға жаза күшейтілгелі бірінші рет осындай қатаң үкім шығарылды. Енді балаларға «зорлық- зомбылық жасау», «сексуальдық, порнографиялық әрекеттерге тарту» мен «өлтіру» баптарымен айыпталушылар 17- 20 жылға немесе өмір бойы түрмеге қамалады.

А. Қуаш