Русский Сайттың толық нұсқасы

Еріктілер Шымкенттегі жылжымалы зообақты жабуды талап етті

  • AstanaTV
  • 21 қаңтар 2020
  • 3723

Жануарлар жанашырлары Шымкенттегі жылжымалы зообақты жабуды талап етті. Олар Ресейден шымқалаға гастрольдік сапармен әкелінген жан-жануарларды тар қапаста ұстау - заңсыздық деп отыр. Жаны ашыған белсенділер тіпті оларды сатып алуға да әзір. Айзада Төребекқызы зообаққа барып көрді.

Көшпелі зообақтағы жан-жануарлардың мәселесін Шымкент пен Алматыдан арнайы келген еріктілер көтерді. Жануарлар жанашырлары түсіру тобын да шақырған. Алайда жылжымалы нысанның табалдырығынан ешбірі әрі аса алмады. Ресейлік қонақтар шақырусыз меймандарды кіргізбей тұрып алды.

Зообақ жабық деп әкімшісі жақындатпағанмен іште қонақтар бар болып шықты. Түсіру тобы нысанға тек полиция өкілі келгесін ғана кіргізілді. Бір көргенге қызық болғанмен жан-жануарларға жасалған жағдай жүректі ауыртпай қоймады.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Көшпелі зообақта аң-құстарға жасалған жағдай көрінбейді. Мына ніл қолтырауынының өзіне бұйырған үйшік тіп-титтей, ұзындығы 2 метр болғанымен ені 1 метрде шықпайды. Суының өзі жоқ есепті, тіпті қолтырауын мұнда айнала да алмайды. 

Кеңшілікке үйренген маймылдар да тар қапасқа қамалған. Бірінің кейпі жылап отырғандай аянышты көрінді. Оларды көрген еріктілер де көздеріне жас алды. Бұл зообаққа келушілерді де бей-жай қалдырмады.

Алтынай АЛПЫСБАЕВА:
 
Алғаш рет келіп тұрмын, балама көрсетейін дегем жануарларды. Бірақ мұндағы жағдайды көріп бала тұрмақ менің өзім шошып тұрмын. Ішетін сулары да жоқ қасында. Ауа тіпті тар. Ветеринар болмасам да жануарлар маған ауру секілді көрінді. Ауру жұқтырмасымызға кім кепіл? Күнкөріс үшін бұлай қинауға болмайтын шығар.

Еріктілер полицияның қатысуымен жануарлардың құжатын көрсетуді талап етті. Байқауларынша көп құжаттың түпнұсқасы жоқ секілді. Мұнда жылан, тасбақа, қоянды қосқанда жиырмадан астам тіршілік иесі бар. Еріктілер тіпті бәрін сатып алуға да әзір. 

Анастасия ТАШПАЕВА, ЕРІКТІ:
 
Біздің білуімізше мұндай зообақтарды Ресей Федерациясынан қуып шыққан. Біздің анықтағанымыздай жануарлардың құжаттары дұрыс емес, денсаулықтары да мәз емес.

Евгения КОЛИНЕЧЕНКО, ЕРІКТІ:

Біз бұл жануарларды сатып алуға да дайынбыз. Мен мұндайды көрмегенмін, бұл жер тозақ дерсің олар үшін. Біздің балаларымыз неге олардың аянышты жағдайда тұрғанын көруі керек?! Жануарлардың суы да жоқ, нан ғана жатыр торларында. Ауасы да тар бұл жердің. Қолтырауын линолиумның үстінде сусыз жатыр. Мұның бәрі жан-жануарларды қорлау. 

Бұған дейін Орал қаласында болған зообақ 13 желтоқсаннан бері Шымкентте. Бірақ мамандарды ескертпеген болып шықты.

Манарбек ЕРЖІГІТОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:


Ол азаматтар өздерінің келгені жөнінде бізге ескертуі керек еді, соны ескертпеген. Сол бойынша уәкілетті орган Шымкент қаласы бойынша аумақтық инспекциясы әрі қарай жұмыс жасайтын болады заң талаптарына сәйкес.

Басқармадағылар жануарлардың құтыруға қарсы егілгеніне көз жеткізіпті. Енді полицейлер жылжымалы зобақтың әрекетін майшаммен қарамақ. 

А. Төребекқызы