Русский Сайттың толық нұсқасы

Мүмкіндігі шектеулі азамат газет тасып, жем сатып, бала-шағасын асырап отыр

  • AstanaTV
  • 21 қаңтар 2020
  • 3027

Қызылордада ерекше пошташы бар. Ол бір аяғының жоқтығына қарамастан үй-үйді аралап, газет тасиды. Үкіметке алақан жайып, қара басына жағдай жасап беруді талап етуден аулақ. Ондай әрекетке намысы да жібермейді. Бір аяғынан осыдан 14 жыл бұрын жұмыс істеп жүргенде айырылған. Қызылордалықтардың айтуынша, Ғабит Қалқаманов нағыз мықты азаматтың үлгісі. Шарипа Сақтапованың материалында толығырақ.

Таң атқаннан күн батқанша тыным таппайтын бұл азаматтың кестесі сағатымен жоспарланған. Таңертен редакциядан газеттерді алып, мекен-жайларға таратады. Содан соң базардан жем алып, оны тазартқан соң қала маңындағы саяжайлар тұрғындарына сатады. Үстінен көретін табысы-300-400 теңге. Бала-шаға қамымен жүрген азамат үшін ең сорақысы үйде жатып алып, біреуге алақан жаю. 

Ғабит ҚАЛҚАМАНОВ, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Инвалидпын деп үйде жатқаннан кім береді, мысалыға? Енді мен өзім бала кезімнен бейнет істеп үйренгенмін. Әйелім жұмысқа жарамайды. Тамақ сұрап көрген адам емеспін, шындығына келейік. Жұмыс жөнінде енді барғаным рас. Қарап отырғанша жұмыс істейін деп. Ер азамат ер азамат болып қалу керек, жұмыс істеу керек, тіршілік істеу керек.  

Ғабит жұмыс кезінде аяғынан айырылған. Бірақ соған қарамастан жүрісі көп пошташылық қызметті таңдапты. Оны жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен тапқан. Жеті ай ішінде еңбекқор, намысшыл, жауапты қызметкер атанған Ғабит өзгелерге үлгі. 

Сәкен АЛДАШБАЕВ, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАЛЫҚ МҮГЕДЕКТЕР ҚОҒАМЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Кейбір мүмкінділігі шектеулі азаматтар бар, көбіне біз мүмкіндігі шектеулі азамат болып қалдық, соңдықтан мемлекет беру керек, кәсіпкерлер көмектесу керек деген ғана ойда қалып қойған. Біз сол ойдан шығару үшін, өз өзіне сендіру үшін, қоғамға өзінің пайдасын тигізу үшін осындай бірнеше жұмыстарды ұсынып келеміз. Көзің таба білсе, ерінбей жұмыс жасаса барлық мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қандай да жұмыстың көзін табуға болады.

Қысы-жазына қарамастан еңбектеніп келе жатқан Ғабит айына 42 мың теңге алады. Оған қоса мүгедектігі үшін үкіметтен берілетін пенсиясы бар. Қосымша табысын қосқанда жан бағуға жетеді дейді. Отбасында науқас жары мен екі немересін бағып отыр. 

Ш. Сақтапова