Русский Сайттың толық нұсқасы

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары Нұрлы жер бағдарламасынан қағылып қалды

  • AstanaTV
  • 24 қаңтар 2020
  • 2882

Қызылжарда тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары бас көтерді. Былтырғы жылдың желтоқсан айында шыққан үкімет қаулысына сәйкес, бұдан былай "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында бой көтерген тұрғын үйлер тек жергілікті әкімдікте кезекте тұрған адамдарға ғана берілмек. Осының кесірінен тасада қалған банк салымшылары биліктің бұл шешіміне наразы. Тұрғындардың жанайқайын аймақтағы тілшіміз тыңдап қайтты.

Таң сәреден бастап тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде жиналған бұқараның, бұл мекеме мен билік өкілдеріне өкпесі қара қазандай. Дүйім жұрт адал ақысын жылдар бойы банк шотына салып, қолжетімді баспанаға ие болғысы келгендерін айтады. Алайда, жаңа жылдан бастап енгізілген жаңашылдық олардың ұйқысын қашырған. Енді "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша салынған баспаналар тек әкімдікте арнайы кезекте тұрған адамдарға ғана берілмек. 

Дмитрий ДЕМЬЯНЕНКО, БАНК САЛЫМШЫСЫ:

Мен отбасыммен бірге жатақханада тұрамын. Бұл банктің шотында төрт жылдан бері қаражат жинап келемін. Нұрлы жер бағдарламасы арқылы пәтер алғым келді. Себебі, оның бір шаршы метрі 140 мың теңге ғана. Біз үшін қол жетімді. Ал коммерциялық үйлердің құны бұдан бір жарым есе қымбат. Оған ақшам жетпейді.

Жанаргүл СӘКЕНОВА, БАНК САЛЫМШЫСЫ:

Үкіметтегілер қаулыны қабылдар алдында неге бұл мәселені жалпы жұртқа жайып салмады? Жаңалықтардан осындай мәселенің талқыланып жатқанын естіген жоқпыз. Олар халықтың пікірін ескермей ме? Бұл жаңалықты жуырда естіп, аһ ұрдық.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің теріскейлік филиалында 46 мыңға жуық салымшы бар. Оның жеті мыңы жергілікті әкімдікте пәтер кезегінде тұр. Тұрғындармен тікелей тілдескен банк басшылығы Үкіметтің бұл өзгерісін тек қаулы қабылданған соң ғана білгенін айтады.

Алмас ЖАПАБАЕВ, «ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫС ЖИНАҚ БАНКІ» АҚ СҚО ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Банк салымшыларына Нұрлы жермен салынған үйлерге ілігуге мүмкіндік бар. Әкімдік пәтерлерді алдымен кезекте тұрған адамдар арасында үлестіреді. Егер олар қаржылық қауқарын дәлелдей алмаса немесе бұл пәтерден бас тартса, онда бұл баспаналар банк салымшыларына беріледі. Бұдан бөлек, қазір біз арзан үй салатын инвесторларды іздестіріп жатырмыз. Әзірге бір түркиялық компаниямен келісім бар. Олар салатын үйдің бір шаршы метрі 195 мың теңгеден аспауы тиіс.

Петропавлда 2019-2020 жылдары таза тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары үшін үш зәулім баспана тапсырылуы тиіс еді. Бірақ құрылыс дер кезінде аяқталмағандықтан, бұл үйлер әкімдікке өтіп кетті. Айта кету керек, бүгінде жергілікті әкімдікте 14 мыңға жуық адам пәтер кезегінде тұр.

Асқар ХАБИБУЛИН, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

2019 жылы 70 және 78 пәтерлі үйлерді тапсыру жоспарда болды. Бірақ мердігер міндетін орындай алмай, қара тізімге кірді. Енді олар кезекте тұрғандарға берілмек. Ал тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына бөлек үй берілмейді.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің әрбір үшінші салымшысы Нұрлы жер бағдарламасымен ипотека алуды көздеген болатын. Енді мемлекеттік бағдарламаға көңілі қалған кейбір салымшылар шотты жауып тастауға бекінсе керек. Осылай жалғаса берсе, банк жағдайының сәл қиындай түсетіні анық. Дегенмен қаржылық институт салымшылар үшін жаңа бағдарлама әзірлеп жатқаны туралы мәлімдеді. Бірақ бүге шүгесін әлі ашпай отыр.

А. Құрманкин