Русский Сайттың толық нұсқасы

Боранның салдарынан елорда маңындағы ауылдар жарықсыз отыр

  • AstanaTV
  • 27 қаңтар 2020
  • 3967

Боранның кесірінен елорда маңындағы ауылдар жарықсыз қалды. Кейбір елді-мекендерде электр қуаты 2 күннен бері жоқ. Дүкендерде азық-түлік таусылып, ауыз су ақпай қалған. Асылбек Данияр тақырыпты жалғастырады.

Арқаның ақтүтек бораны Целиноград ауданының тұрғындарын әлекке салды. Қосшы, Тайтөбе, Талапкердің халқы жарыққа жарымай отырғанына бүгін 2-нші күн. Пешті электр тогымен жағатын қосшылық Сырғаш Оңдыбаева үйі суып кеткенін айтады.

Сырғаш ОҢДЫБАЕВА, ЦЕЛИНОГРАД АУДАНЫ ҚОСШЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Әлі светте жоқ. Арамызда кішкентай бала бар. Не деген сұмдық бұл деген? Қайда барып шағымданамыз. Жолда жоқ қалаға шығатын не автобус жоқ. Не сұмдық мынау? Не болып кетті өзі?

Тиісті мекеме өкілдері бұл мәселені бүгін шешуге уәде берді.

Сергей ГЕРАСИМЕНКО, ЦЕЛИНОГРАД АУДАНДЫҚ АЭЖ БАСШЫСЫ:

Біз жарық өшкен кезде баруға мүмкіндік болмады. Жол жабық, оның үстіне түнгі уақыт еді. Целиноград ауданындағы 17 электор желісі істен шыққан. Қазір ол жерге бригада жібердік. Олар жұмыстарын бастап кетті. Бүгін ауылға электр тогы беріледі.

Ал Талапкер халқының жарықсыз, жылусыз отырғанына 2 күн болған. Ал қалаға қатынап жұмыс істейтіндер жол болмағандықтан жұмыстан да, шаруаларынан да қалған.  

Есбол ИКАМБАЕВ, ЦЕЛИНОГРАД АУДАНЫ ТАЛАПКЕР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Екі-үш су жіберетін құбыр бар. Ол құбырларды істемей тұр. Сондықтан көбіміз қар ерітіп содан су жасап жатырмыз. Көршіміз қайтыс болды жедел жәрдем шақырған болатын. Ол жете алмай мына қардан. Ол кісі енді көз жұмды.

Целиногар ауданының атқамінерлері бұл жағдайдан хабардар. Айтуынша, дүкендерге азық-түлік жеткізіле бастаған. 

Қанат АҒЗАМҰЛЫ, ЦЕЛИНОГРАД АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

АЭЖ службасы бригадасы аварийный шығып жөндеу жұмыстарын өткізді. Шартты көшелер іске қосылды. Бірақ кейбір көшелерде әлі электр жүйесі жоқ. Осы күннің аяғына дейін қосамыз. Ал, жол мәселесі енді екі погрузчик жұмыс істеп жатыр қарды тазалап.

Қазір қала маңына қатынайтын жолдардың барлығы жабық. Синоптиктердің болжамынша, боран тағы бірнеше күнге жалғасы мүмкін. Алдағы түні Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында бұрқасын болып, желдің жылдамдығы секундына 30 метрге дейін жетпек.

А. Данияр