Биыл елде ең кемінде 350 мың отбасы жұмыспен қамтамасыз етіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев айтты. Сондай-ақ зейнетақы жүйесіне де реформа әзірленіп жатыр,-деді. Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылған өзге де маңызды мәселелер жайлы келесі бейнематериалда.
Ғалымжан ӨТЕМІСОВ, ТІЛШІ:
Биыл елдегі 200 мың мұқтаж отбасына, 600 мың балаға атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Көпбалалы отбасыларды жұмыспен қамту мәселесі де жолға қойылған. Бердібек Сапарбаев міндетті медициналық сақтандыру бойынша азаматтарды есепке алу жұмысы да жалғасып жатқанын айтты.
Әлеуметтің әлеуетін арттыру ең маңызды тетік. Соңғы бір жылда елдегі тауар бағасы артқан. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов өсімді тежеу мүмкін болмай тұр,-дейді. Ол азық-түлік бағасын реттеу үшін импортты азайту керек деп отыр.
Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Тұтынатын тауарлар бағасының өсімі желтоқсан айында 2018 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 5,4 пайызды құрайды. Ал азық-түлік тауарларының бағасы біршама өскен. Дегенмен, инфляцияны бұған дейін болжанған 4-6 пайыз дәлізінде ұстап қалуға мүмкіндік болды. Биыл азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін барлық күш-жігерді жұмсаймыз.
Азық-түлік былай тұрсын, күнделікті ішер ауыз су мәселесі де күрделене түскен. Елде 2030 жылға қарай су тапшылығы сезілуі мүмкін. Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев тіршілік нәрін тиімді пайдалану үшін 26 гидротехникалық құрылым салу керектігін айтты. Ол үшін арнайы бағдарлама да әзірленіпті.
Мағзұм МЫРЗАҒАЛИЕВ, ҚР ЭКОЛОГИЯ, ГЕОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСРУСТАР МИНИСТРІ:
Біз бағдарламаның негізгі 10 бағытын анықтадық. Шекаралас елдермен су ынтымақтастық тетігін жетілдіру. Құқықтық базаны жаңғырту керек. Осыған байланысты су ресурстары комитетіне тарифтік реттеуді тапсыру. Сондай-ақ БҰҰ мен бірлескен су бағдарламасын үйлестіру ұсынылады.
Министрлер мен әкімдіктер бір апта ішінде өнімсіз бюджет шығындарын қайта қарастыруы қажет. Премьер-министр Асқар Мамин осыны тапсырды. Инвестиция тарту мен бизнесті дамыту мәселесіне тоқталған ол үкіметтің әр мүшесіне жұмыс орындарын көбейтуді тапсырды.
Ғалымжан ӨТЕМІСОВ, ТІЛШІ:
Екі аптадан соң Қаржы Министрі бюджет шығындарын қысқарту бойынша есеп беруі тиіс. Енді қажетсіз форумдар мен семинарлардың саны азаяды. Қымбат көліктер мен жиһаздарды да сатып алуға Президент мороторий жариялады. Тапсырма жүктелді. Жауаптылар орындауға кірісті.
Ғ.Өтемісов