Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралдағы газ жарылып бір адам көз жұмды, екеуі ауыр халде

  • AstanaTV
  • 31 қаңтар 2020
  • 2729

Оралда газ жарылды. Үш адам қатты күйіп қалған, алайда оның біреуі ауруханада көз жұмды. Полиция осы оқиға ізімен қылмыстық іс қозғады. Төтенше жағдайлар департаментінен хабарлағандай, қауіпсіздік шаралары ескерілмеген. Қазір мамандар баллонның жарылуына не себеп болғанын анықтап жатыр.

Газ баллоны жарылған үйдің сау-тамтығы қалмаған. Қабырғалары қирап, астаң-кестеңі шығыпты. Күйіп қалған жұмысшылардың киімі мен жарылған екі газ баллоны да әлі қозғаусыз жатыр. Көршілері үй иелерінің басқа жақта тұратынын, ал үйдің әлі салынып жатқанын жеткізді. Төтеншеліктердің дерегінше, құрылысшылар газ баллонын қыздырған кезде от шыққан. Яғни, қауіпсіздік талаптары ескерілмеген. 80 шаршы метрді шарпыған өртті өшіруге 6 техника мен 15 адам жұмылдырылыпты.

Бақытжан ИХСАНОВ, БҚО ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Салынып жатқан үйде жұмысшылар жұмыс істеген кезінде газ баллоны жарылу оқиғасы тіркелді. Газ баллонының жарылған себебі қазіргі таңда анықталуда. Орал қалалық ТЖД қызеткерлерімен тергеуге дейінгі материалдар жиналып, полиция департаментіне жолданды.

Жарақат алған жұмысшылар бірден ауруханаға жеткізілді. Біреуінің денесі түгел күйіп қалған. Полиция дерегінше, құрылысшылар Тәжікстан азаматтары екен.

Айнагүл САКПУСУНОВА, БҚО ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Ауруханаға үш адам жеткізілді. Олардың бірі жансақтау бөлімінде жатыр, жағдайы ауыр. Хирургиялық бөлімшедегі жігіттің жағдайы орташа ауыр деңгейде. Ал 21 жастағы үшінші жігіт бүгін таңмен ауруханада көз жұмды.

Бір айдың ішінде қала бойынша 17 өрт оқиғасы тіркелген. Соның 13 тұрғын үйге қатысты.  4 адам зардап шегіпті.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Полиция осы оқиға ізімен «Бөтеннің мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Енді кінәлілер 2 мың АЕК көлемінде айыппұл салынады немесе 600 сағат қоғамдық жұмыстарға тартылады. Тіпті сол мерзімге бас бостандығынан айрылуы да мүмкін. Әзірге кімді жауапқа тартатынын полиция да білмей отыр. Бәрін тергеу амалдары анықтамақ.

Е. Карин