Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжар өңіріндегі 92 ауыл тасқын су астында қалуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 03 ақпан 2020
  • 2650

Қызылжар өңіріндегі 92 ауыл тасқын астында қалуы мүмкін. Биыл қар әдеттегіден 2 есе көп. Синоптиктер болжамы да көңіл көншітпейді. Сондықтан құтқарушылар ғана емес, прокурорлар іске кіріскен. Олар дамбаларды тексеріп, олқылықтарды анықтаған. Мамандар тасқын қаупін жоюға дайын ба? Абзал Құрманкин тарқатады.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Әдетте сақылдаған сары аязбен өтетін теріскейдің қысы биыл жауын-шашынды. Сынап бағанасы минус 25 градустан әлі төмен түскен емес. Есесіне, екі күннің бірінде боран соғып, коммуналдық кәсіпорындар жатпай-тұрмай жұмыс істеп жатыр. 


Аймақта қыстың басталғалы 150 мм қар жауған. Бұл орташа мөлшерден шамамен екі есе көп. Кейбір жерде қардың қалыңдығы бір жарым метрге дейін жетеді. «Апат айтып келмейді» деген қағидаға сүйенген төтенше жағдай мамандары әу баста тасқынның алдын алуға кіріскен.

Ерік САРЫБАЕВ, СҚО ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Біз 160-қа жуық елді мекенді қорғауға байланысты жұмыстарды аяқтаған болатынбыз. Бұлардың ішінде канал қазу, жер үйінділері, жасанды дамба, сол елді мекендерге қауіп төндіріп, судың келуіне себеп болып отырған автокөлік жолдарындағы су құбырларын үлкен диаметрге өсіру немесе болмаған жағдайда сол жерге су құбырларын қою жұмыстары жүргізілуде.

Аймақта тасқынға қарсы 22 нысан бар. Оның сегізі күрделі жөндеуді қажет етеді. Ең осалы болып саналған Сегізкөз су қоймасы былтыр ғана жаңғыртылған. Алайда, дамба алғашқы тасқынға да төтеп бере алмапты.

Самат ТЕМІРБАЕВ, СҚО МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ТАБИҒАТТЫ ҚОРҒАУ ПРОКУРОРЫ:

Уәлиханов ауданындағы Сегізкөз гидротехникалық құрылымына байланысты сот процессі жүріп жатыр. Жөндеу жұмыстары 2018 жылы жүргізілді. Жоба құны 100 миллион теңге. Ондағы сегіз ірі құбырдың үшеуі тасқынға шыдас бермеді. Қазір ол қайтадан апатты жағдайда тұр.

Казгидромет мамандарының мәлімдеуінше, ертеңнен бастап өңірде қайтадан боран соғады. Арты сарышұнақ аязға ұласады. Осының кесірінен қардың беті қатып, көктемде тасқын қаупін күшейтуі мүмкін, дейді метеорологтар.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Жергілікті бюджетте төтенше жағдай резерві ретінде шамамен жарты миллиард теңге қарастылған, бұдан тасқынның зардабын жоюға 158 миллион теңге бөлініпті. Бірақ сала мамандары бұл қаражат аздық етуі мүмкін деп болжайды. Сондықтан бюджеттен қосымша қаражат сұрап отыр. 

А. Құрманкин