Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркістан облысында қабырғасы қақыраған үй апатты деп танылмай келеді

  • AstanaTV
  • 03 ақпан 2020
  • 2418

Түркістан облысындағы Кентау қаласында әкімдердің жиі ауысуы елдің күрмеулі мәселесін көбейтіп тұр. Арнамызға осылай деп арыз айтқан қосқабатты үй тұрғындары  өздері тұратын баспананың апатты деп танылмай жатқанынына ашынады. Айтуларынша қабырғасы қақырап, шатыры шіріп кеткен үйде тұру қорқынышты. Алайда оны апатты деп тануға әкім қаралар асықпай отырған көрінеді.

Кентау тұрғыны Хадиша Әбдиева баспанасының апатты жағдайда екенін дәлелдей алмай келе жатқанына он жылдан асқан. Жалғызбасты ана пәтерінің қабырғалары қақырап, жырығы күн санап үлкейіп бара жатқанын айтады.  Амалсыз қауіпті пәтерді тастап, қазір туыстардың үйін сағалап жүр. Мәселесін атқамінерлерге талай айтқанмен қайыр шамалы көрінеді. Айтуынша былтыр бір әкім уақытша пәтер тауып бергенмен қаңтарда айнып қалған көрінеді.

Хадиша ӘБДИЕВА, КЕНТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

2007 ден бері қанша әкім ауысты. Барлығына барып келе жатырмыз. Бір әкімге барамыз, уәде береді. Сіздердің жағдайларыңыз қауіпті үйде тұрып жатыр екенсіздер, шешімін табамыз ... ол кісі біз екінші барғанша ауысып кетеді. Екінші әкім келеді «менің ешқандай хабарым жоқ, көрген жоқпын, білген жоқпын ешнәрсе, арыз жазыңыздар» арыздың жауабын екі ай күтеміз, үш ай күтеміз.


1961 жылы тұрғызылған үй содан бері жөндеу көрмепті. 13 отбасы үреймен күн кешіп отырғандарын жеткізді.  Мұндағылар бәрінен бұрын мүмкіндігі шектеулі және жалғызбасты көршілеріне қиын соғып тұрғанын айтады. Қабырғалардың ажырап бара жатқаны сонша тұрғындар бір- бірімізді көріп отырамыз дейді. 

Жанат ТОЙҒАНБАЕВА, КЕНТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Фундаментінен құлап тұр. Ол қалай ремонтқа жарайды, түсінбедік. Оны біз келіп тексерген адамның біреуінде көрген жоқпыз. Сыртынан келіп решениені өздері шығарып сала береді. Қарасаң жаңағыдай жағдай, ремонтқа болады дейді, шындап келгенде біреуі де көзімізше тексерген жоқ.

Тұрғындар баспаналары қасақана апатты деп танылмай жатыр ма деген күдігін де жасырмады. Өйткені ондай жағдайда тұрғындар уақытша пәтермен қамтылуы тиіс екен. Ал жауатылар әзірге бұл үйді апатты деп тануға негіз жоқ деп отыр.

Асқар АБДРАСИЛОВ, КЕНТАУ қ.ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Бұл үй 2017 жылы тексеруден өткен болатын. Арнайы шақыртылған эксперттер үйді апатты емес деген қорытындыға келген. Жылына бір рет болатын тексеруді биыл тағы өткіземіз. Соның жауабына байланысты шешім шығарамыз. 

Күн санап күйреп бара жатқан үйдің тұрғындары мен шенділер әзірге ортақ шешімге келе алған жоқ. Әкімдердің жиі ауысуынан шаршадық деген жұрт бұл үйді тездетіп апатты деп тануды талап етіп отыр. Төзімі таусылған жұрт енді болмаса президентке хат жазамыз деп тарқасты.

А. Төребекқызы