Русский Сайттың толық нұсқасы

Елорда іргесіндегі Қараөткел ауылы қар құрсауынан шыға алмай отыр

  • AstanaTV
  • 10 ақпан 2020
  • 4779

Елорда маңындағы Қараөткел ауылының тұрғындары қар құрсауынан әлі шыға алмай отыр. Ауыл халқы маңызды жолдар бір айдан бері қардан тазартылмағанын айтты. Оқушылардың мектепке қатынауы да мұңға айналған. Тіпті жедел-жәрдем де жете алмайды деп отыр. Әріптесім тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап қайтты.

Ия, бас қаланың іргесіндегі үлкен ауылдың қазіргі ахуалы осы. Қалың қар ауыл халқын титықтатып біткен. Амалы тауысылғандардың бірі Біржан Рауят . 70-тен асқан анасының жағдайы нашарлағанда медициналық көмек ала-алмапты. Жаны ашыған жұртшылық қарияны ауруханаға жеткізу үшін қарды өздері аршып, дәрігерге жеткізген.  

Біржан РАУАЯТ, ҚАРАӨТКЕЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қыс басталғалы тазаланған жоқ. Көшенің бәрін қолмен былай-былай жинап қоямыз. Мынау көшенің бәрі жабылды. Енді қарды апаратын жер жоқ. Қалай қыс басталды погрузчик көрмедік.

Ерік ҚОСАНОВ, ҚАРАӨТКЕЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жол жақ қиын мүлде. Көктемде қар еріген кезде қиын. Балалар суға батады. Бір-екі рет құтқарып алған жағдайлар да кездескен.


Ғалымжан ӨТЕМІСОВ, ТІЛШІ:

Қараөткелдегі қардың қалыңдығы тіпті үйдің шатырына дейін жетіпті. Ал, тұрғындар ауланы тазартайын десе, жолдың өзі жабық деп отыр.

Қатынассыз отырған елдімекен халқы азық-түлік пен күнделікті керек-жарақ та тусылған,-дейді. Ол аздай, омбы қардың кесірінен көмір де жеткізе алар емес.

Бұрынғы әкімін аңсаған жұрттың көңілін алаңдатқан мәселе тек қар емес. Ауыл халқының 60 пайызы ауыз суға мұқтаж. Жергілікті тұрғындар 10-жылдан бері судың әлегімен жүр. Ал атқа қонарлар келеңсіздіктің кесімді шешімін нақты айтпады.

Саят ҚАХАНОВ, ҚАРАӨТКЕЛ АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ:

Қаражат бөлінген уақытта, жобалық-сметалық құжат дайындалады. Содан кейін өзінің процедурасы бар.
- Шамамен қашан дайын болады?
- Айта алмаймын оны.


Су мәселесіне қинала жауап берген әкім, қарға келгенде сөзден тосылмады. Ол, бір айға созылған түйіткілді бірнеше күнде шешеміз деп уәде берді.

Саят ҚАХАНОВ, ҚАРАӨТКЕЛ АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ:

Подрядчикпен келістік. Айтып отырмын ғой кеше, бүгін сөйлестік. Мүмкіндік болса, ертең кешке дейін үлкен бульдозер әкеп беремін деді. Біріншіден 19 микрорайондағы Ақжол көшесін кеңейтіп, екіншіден погрузчик бара алмаған жерлерді тазартып беремін.

Әкім Қараөткел көшелерін қардан тазартуға 20-ға жуық техника жұмылдырылғанын айтты. Наурыздың ортасына дейін көшелерді қардан тазартуды аяқтаймыз деп отыр. Ал, су құбырларының қашан тартылатыны әзірге белгісіз.

Ғ. Өтемісов