Русский Сайттың толық нұсқасы

Қ.Тоқаев шенеуніктерді ерікті болуға міндеттеді

  • AstanaTV
  • 12 ақпан 2020
  • 3068

Енді шенеуніктер де волонтерлік қызмет атқаруға міндетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін еріктілерге арналған фронт-офистің ашылу салтанатында осылай деді. Оның айтуынша, елде игі іспен айналысушылар аз. Сондай-ақ, кәсіпкерлерді де сауабы мол іспен айналысуға шақырды.

Волонтер Бірлікбай Ордабай - 80 жаста. Зейнет жасындағы қария бұған дейін Теміртау қаласында металлург қызметін атқарып келген. Былтыр ауылындағы 100-ге жуық замандасымен бірігіп, «Күмістілер» ұйымын құрыпты. Тек зейнеткерлерден құралған топ өздері сияқты қарттардың құқығын қорғаумен айналысады.  

Бірлікбай ОРДАБАЙ, ЕРІКТІ:

Зейнетке шыққандар өз еркімен еш ақысыз, осындай жақсы іспен, қоғамымызды, ортамызды, қоғамымызды жақсартуға, адамдарымыздың қарттарымыздың жағдайын ойлап, осындай іс-шарамен айналысамыз. Негізгі саламыз - әлеуметтік сала.


Егде жастағылардың өзі осындай игі іске жұмылдырып жатқанда, шенділер қайда қарап отыр? Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оларды да міндеттеді. Өйткені елде қайырымдылық науқандарына атсалысатын волонтерлер некен-саяқ. Мемлекет басшысы олардың саны 16 мыңға әзер жетеді деді. Оның айтуынша, біреуге қол ұшын созып, қолдау көрсету - қанымызға сіңген қасиет. 

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Халқымызда осындай береке-бірлікке шақыратын «Асар» дәстүрі бар. Бұл - ғасырлар бойынша құндылығын жоймаған ата салтымыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді біздің халқымыз. Волонтерлер қызметінің басты мақсаты - бірге жұмылып, халыққа қызмет ету.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев ел ішінде нағыз еріктілер жоқтың қасы деген пікірде. Минисрліктің дерегінше 200-ге жуық волонтерлік ұйым бар, бірақ олардың 6 пайызы ғана нағыз белсенді екенін айтты.  

Дәурен АБАЕВ, ҚР АҚПАРАТ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:

Халықаралық зерттеулерге сүйенсек, Қазақстан еріктілер қызметі бойынша деңгейі төмен елдер қатарына  жатады.  Бізде волонтерлік мәдениет, дәстүр қалыптаспаған. Адамдарды ынталандыру, көтермелеу жеткілікті дамымаған. Осының бәрін біз биыл  шешуге және еріктілікті жаңа деңгейге шығаруға тиіспіз.


Ел Президенті биылғы жылы волонтерлер үшін мол мүмкіндіктер жасалатынына тоқталды.  

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:


Енді волонтерлік жұмыс еңбек өтілі болып есептелінеді. Осы салада жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдарға да қаржылай көмек беріледі. Осыған орай әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру үшін 400-ден астам шағын грант бөлінеді. Әр гранттың құны 300 мың теңге көлемінде болады.
 
Еріктілер бұл ең алдымен патриоттар. Бұл адамның өз еркімен ақысыз көмек көрсетуі, қоғамға адал қызмет етуі. Осылай деген Президент елдегі кейбір азаматтардың жалған патриоттығын сынға алды.

Айя МҮТӘЛІ, ТІЛШІ:

Сонымен, еріктілер жылы басталды. Елдегі барлық волонтерлік жобаларды қадағалайтын фронт офис ашылды. Игі істермен айналысушылар үшін мүмкіндіктер жасалды. Ендігі үміт одан шығатын нәтижеде. 

А. Мүтәлі