Русский Сайттың толық нұсқасы

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі отставкаға кете ме?

  • AstanaTV
  • 12 ақпан 2020
  • 2169

Нұр-Сұлтанда проблемалық 76 көпқабатты тұрғын үй бар. Қала әкімі олардың мәселесін 3 жылда шешіп беруге уәде етті. Бас қалаға бас боп келген Алтай Күлгінов бүгін бірінші рет астаналықтарға есеп берді. Жиынға қатысқан Әлішер Өмірзақ жалғастырады.

Әлішер ӨМІРЗАҚ, ТІЛШІ:

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің халыққа есеп беру кездесуіне келген тұрғындардың қарасы қалың. 1600 адам сиятын Конгресс Холл-дың іші лық толы. Мінекей, көріп тұрғандарыңыздай өзекті мәселелері бар тұрғындар сұрағын тікелей әкімге қойып жатыр. Сондай-ақ мұнда арнайы қорапша қарастырылған, шағымдар мен ұсыныстар үшін. Дегенмен ішінен үш-ақ  хат көріп тұрмыз. Бұл Нұр-Сұлтандықтардың проблемасы аз дегенді білдірмейді. Себебі әкімге айтылған проблемалардың ішінде өзектілері көп.

Қазір не үйіне кіре алмай, не салған ақшасын қайтара алмай соттан сотқа сүйретіліп жүрген елордалықтардың саны 12 мыңнан асады. Әкім салымшылар үміт артқан 42 объекті болса, оның тең жартысының құрылысы биыл бітеді деп сендіріп отыр. Сапасы сын көтермейтін «Территория комфорта-1» сүрілетін болды, жауапсыз құрылыс компания басшылары жауапқа тартылмақ. 

Алтай КӨЛГІНОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Бұл проблеманы білемін мен, айттым ғой. Негізгі күрделі мәселелердің ішінде қалғаны осы Котляровтың мәселесі. Ол кісіні заңға сәйкес жауапқа тартамыз.

Салымшылардан бөлек үй кезегі мәселесі де бүгінгі кездесудің өзекті тақырыбына айналды. Қалада қолжетімді тұрғын үй кезегінде тұрғандардың саны  48 мыңнан асады. Олардың ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар, көпбалалы аналар және  мұғалімдер мен полицейлер сияқты бюджеттік сала қызметкерлері де бар.

Алтай КӨЛГІНОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:


10 мың пәтердің құрылысын бастаймыз, соның 8 мыңын жылдың соңына дейін аяқтауды көздеп отырмыз. Оның барлығы қолжетімді баспана. Мұқтаж азаматтарға арналған.


Кездесуде «қардан мезі болдық», «қар тазалаушы компаниялар жұмыс істемейді», - деп назданған тұрғындар көп болды. 14 жыл бойы осы іспен айналысып келе жатқан «Астана Тазалық» қызметкерінің өз уәжі бар. 

Татьяна НИКОЛАЕВНА, «АСТАНА ТАЗАЛЫҚ» ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Қазір бәрі "Астана Тазалықты" жамандайды. Мен сол үшін келдім. Мәселен, біз өзіміз жақын жердегі ауылдардан келеміз. 80-100 шақырым жүреміз. Түнгі сағат үште, екі жарымда тұрамыз. Техника бар. Рақмет сізге, бірақ адам аз. Мысалы, мен өзім екі әйелмен погрузкада жүремін. Қар көп, су-су болып жатады. Оны тиеу де оңай емес. Нанбасаңыз, менімен бірге таңғы сағат алтыда шығыңыз.

Кездесу соңында журналистердің бірі шаһар басшысына Байқоңыр ауданының әкімі пара алғанын есіне салды. Әкім "отставкаға кетесіз бе?", -деген сұраққа былай жауап берді.

-    Не считаете ли Вы, что должны подать в отставку?!
-    Спасибо большое, что Вы меня так любите.  Но  Все будет по закону. Что скажет закон, то и будет.


Әкім де, жарияланған төтенше жағдай режимі де әзірге қала бермек. Атқамінерлер көктемде болатын тасқынжы ескерсе керек. Шаһар басшысы "қорқатын ештеңе жоқ, күн жылынғанға дейін қаланы қардан тазалап үлгереміз", - деді.

Ә. Өмірзақ