Русский Сайттың толық нұсқасы

Өзбекстан шетелде оқитын жастарын кері қайтарып жатыр

  • AstanaTV
  • 13 ақпан 2020
  • 5260

Шымкен қаласында оқып жатқан өзбекстандық студенттер еліне қайтуға жиналып жатыр. Үшінші мегаполистегі шетелдік жастар білімін енді өз жерінде жалғастырмақ. Оқу жылының қақ ортасында студенттердің аласапыран болуына көрші мемлекет басшылары қабылдаған қаулы себеп көрінеді. Жоғары оқу орнындағы қарбаласты әріптесім Айзада Төребекқызы баяндайды.

Шымкенттегі жоғары оқу орындарында бүгін төртінші күн қарбалас. 2018 жылдан бері осында оқуға түскен өзбекстандық жастар аяқ асты кетемінге басты. Айтуларынша Өзбекстан кері қайтқан студенттерін өз мамандықтары бойынша ешқандай сынақсыз, автоматты түрде оқу орындарына қабылдамақ. Өзбекстандық жастарды қызықтырғаны да осы көрінеді.

Умрбек МАХМУДОВ, ӨЗБЕКСТАНДЫҚ СТУДЕНТ:

Өз мемлекетімде үй іші, ата-анам, туып-өскен жеріміз. Мұнда пәтер жалдап тұрамыз,  шығынымыз аз емес.  Хорезмдегі оқу орны үйімнің түбінде. Мен сол жерге аудармамен бармақпын. Болмаса Қазақстанда білім өте жақсы.Егер отбасым жанымда болғанда осында- ақ бітіріп шығар едім. 

Жекеменшік бұл оқу орнында жеті мың жарым студент оқиды. Соның екі мыңға жуығы көрші Өзбекстаннан білім іздеп келгендер. Көрші елдегі мүмкіндікті ақпанның 7-сі мен 15-і аралығында келіп үлгергендер пайдаланады деген құлақтандыруды естіген студенттер құжаттарын кері алуға асығып жатыр дейді.
 
Рихсибай МАМЕДОВ, SILKWAY ХАЛЫҚАРАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ЖӘНЕ АКАДЕМИЯЛЫҚ ҰТҚЫРЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Единственный себеп сол қаулының шығуы және студенттердің кетуі ең басты бір ғана мақсат сол. 14-ақпанға дейін үлгеруіміз керек деп бір келгенде 300-400 студент келіп, олар бірінің үстіне бірі шығып, бір-бірін тыңдамайды. Сондай бір жағдай болғаннан кейін біз қосымша көмекке барлық университеттің қауіпсіздік қызметкерлерін жұмылдырып, барлығын тыныштық сақтап, сол күні біз құжат беруді тоқтаттық.


Бүгін кісі аяғы басылған. Бұған Өзбекстан тарапы қабылдау мерзімін тағы бір айға ұзартуы себеп болса керек. Алайда өзбекстандық жастардың барлығы бірдей еліне қайтуға асық деуге келмейтін секілді. Көпшілігі түсіндіру жұмысынан соң осында қалуды құп көріпті. Дегенмен өзбекстандық студенттердің төрағасы екінші курсты осында аяқтайтынын айтты. Ол тіпті жерлестерінің шекара асуының түпкі мақсатын да жайып салды.

Ниёзхон АБДУСАЛОМОВ, ӨЗБЕКСТАНДЫҚ СТУДЕНТ:

Бізде Өзбекстанда экзамен тапсыру өте қиын, оқуға түсу. Сол үшін бұл жерге келген 90 процент балалардың барлығы Өзбекстанға қайтып 1-курстан кейін, 2-курстан кейін перевод жасап кету үшін келген, олардың мақсаты осы. Қазір мысалы Өзбекстанда бізде перевод ашылды, без экзамен перевод ашылды, сол үшін барлық балалар кетем деп жатыр.

Еліне қайтуға қамданғандардың шымкенттіктерге өкпесі жоқ секілді. Ал Өзбекстан билігінің өз студенттерін Отанына қайтаруын ресми құжатты негізге алған Сыртқы істер министрлігі былай деді.  

Айбек СМАДИЯРОВ, ҚР СІМ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
 
Қазір Өзбекстан мемлекеті Қазақстан, Қырғызстан мен Тәжікстан елдерінде білім алып жатқан азаматтарын өздерінде оқытуға қосымша жағдай жасап жатыр. Көрші елдің жоғары оқу орындарында өз азаматтарына арнап квота мен гранттар санын арттыруда.  

Кейбір дерек көздеріне сүйенсек Қазақстанда 10 мыңнан астам өзбекстандық студент білім алып жүр. Айта кетейік, білім және ғылым министрлігіндегілер шетелдіктердің Отанына қайтуы оқу орындарының бюджетіне еш әсер етпейді деп отыр. Алайда кейбір сарапшылар мұнша студенттің бір мезетте кетуі оқу орындарына  едәуір шығын әкелуі мүмкін дегенді айтады.

А. Төребекқызы