Русский Сайттың толық нұсқасы

Прокурор Қарағанды облысында қорықшыны өлтірген үштікті өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады

  • AstanaTV
  • 17 ақпан 2020
  • 3003

Прокурор қорықшы Ерлан Нұрғалиевтың өліміне күдікті үштікті өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал басты айыпталушы Қайрат Ақшанов марқұмның туыстарынан кешірім сұрап, көз жасын көл қылды. Жәбірленуші тараптың қорғаушысы судьядан «Охотзоопром» мен Қызылорда облыстық полиция департаментін тексеру жөнінде арнайы қаулы шығаруды сұрады. Бүгін Қарағанды қылмыстық істер жөніндегі арнайы мамандандырылған сотында сөз таластырған тараптардың пікірлерін тілшіміз Айжан Қуаш тыңдап қайтты.

Прокурор өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұраған броканьерлер үштігі - «Кісі өлтіру» бабымен айыпталып отыр. Олар- Қайрат Ақшанов, Берік Ахметов, Мұрат Шөкілдековтер. Ал тағы 4 сотталушы «Заңсыз аңшылық» және «қылмысты жасыру» баптарымен 6 жылға сотталуы мүмкін.

Қуаныш ЖЕКСЕНБАЕВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ БАСҚАРМА ПРОКУРОРЫ:

28 қазан 1986 жылы туылған Қайрат Викторович Ақшановқа мүлкін тәркілемей түпкілікті өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды, жазасын қылмыстық атқару жүйесінің төтенше мекемесінде өтеуді сұраймын.

Тергеу материалдарына сүйенсек, өткен жылы қаңтардың 13- і күні, 17 киікті жайратқан қылмыстық топ ешкімді аямаған. Нұра ауданындағы Ақ қошқар тоғанының маңында 2 табиғатты қорғау инспекторына оқ жаудырып, қуып жеткен Ерлан Нұрғалиевтың басын мылтықпен ұрып екіге айырған. Сөйтіп оқиға орнынан қашып кеткен еді. Келесі күні қорықшы қайтыс болды. Тірі қалған екінші жапа жегушінің арқасында 7 заңсыз аң аулаушы ұсталды. Жәбірленуші тараптың қорғаушысы Алмат Қасқырбай бұл қылмыстық топтың сыбайластары әлі бостандықта жүргеніне сенімді. Тіпті бұл оқиғаға «Охотзоопром» - ның басқа қызметкерлері де қатысты болып шығуы мүмкін,- дейді. Сондықтан судьядан Қызылорда облыстық полиция департаменті мен «Охотзоопромды» тексеру жөнінде арнайы қаулы шығаруды сұрады.

Алмат ҚАСҚЫРБАЙ, ЖӘБІРЛЕНУШІ ТАРАПТЫҢ ҚОРҒАУШЫСЫ:


Тергеу амалдары Қызылорда қаласында өтті ғой. Он- ақ, он- ақ минуттан сіздерден жауап алды тергеушілер. сол бойынша құрметті сот жеке қаулы шығаруыңызды өтінеміз. Өйткені; мен ойлаймын Қызылорданың қызметкерлері назарын мүлдем аударған жоқ. Сонымен қатар «Охотзоопромға» қарсы жеке қаулы шығаруды өтінемін. Неге? Өйткені келешекте қызметкерлер өмірлері қиылмасын. Оны ҰҚК тексеріп қылмыстық жауапкершілікке тартатынын тартып, соттасын.

Қорғаушылардың мәлімдеуінше, Қорықшы Ерлан Нұрғалиевтың туыстары моральдық және материалдық шығын ретінде 29 млн теңге өтемақы сұрады. Бүгін марқұмның бауыры Нұрлан Нұрғалиев айыпталушыларды моральдық тұрғыдан кешіргенімен, жазаға тартылуы тиіс екендерін айтты.

Нұрлан НҰРҒАЛИЕВ, МАРҚҰМНЫҢ БАУЫРЫ:

Әке- шешемнен сәлемдесесі, - деп санаңдар. Ерланның , Нұрғалиевтер атынан мен сендерді кешіремін. Заң жүзінде сот құрметті сот қандай шешім шығарады, оны көтересіңдер.


Ал басты айыпталушы Қайрат Ақшанов марқұмның туыстарынан кешірім сұрап, көз жасын көл қылды.

Қорықшы өлімімен бірге, мемлекетке 40 млн-нан астам шығын әкелген аты шулы оқиға айыпталушыларына қатысты үкім осы аптада шығады.

А. Қуаш