Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде мыңдаған адам «Голден сити-200» қаржылық ұйымынан алдандық деп отыр

  • AstanaTV
  • 17 ақпан 2020
  • 3650

Ақтөбеде «Голден сити-200» қаржылық ұйымына ақша салған салымшылар шу көтерді. Айтуларынша бір апта бұрын ғана миллиондап ақша салған ұйымдары бір күнде жабылып қалған. Кеңсеге құлып салынған, ұйым басшысы ізім- ғайым жоқ. Алданғандарын енді ғана білген салымшылар ақшаларын кімнен сұрарын білмей дал болып отыр. Тілшіміз Бақыт Рахметова тарқатады.

Бұл «Голден сити-200» қаржылық ұйымына ақшаларын салып, енді басшысын таба алмай жүрген салымшылар. Бір ай бұрын ғана ашылып, жарнамасы жер жарған фирма бір күнде жабылып қалған. Айтуларынша басшылары 12 ақпаннан бері ізім -ғайым жоқ. Бұрын мемлекеттік қызметте, тіпті әкімнің орынбасары болған сыйлы азаматқа сенгендеріне өкінеді.  

Санат ДҮЙСЕНОВ, ЖӘБІРЛЕНУШІ:

Ізтілеу Қайрат бұл Қарғалы ауданы Бадамша ауылында әкімнің орынбасары ретінде жұмыс істеген адам. Бұл адамды былай сыртынан біліп тума-туыс, досты шақырып, біраз адам осында ақшаларын салды. Негізі Бадамшаның тұрғындары көп жүрді бұл жерде. Енді ол кісі 12 ақпанда жұмысқа шықпай компания жабылып қалды.

 
Бұл ұйым 12 қаңтарда ғана ашылып, аз уақыт ішінде бір жарым мыңдай салымшы жинап үлгеріпті. Халық 300 мың теңгеден үш миллион теңгеге дейін ақшаларын салған. Жүйе бойынша үш ай ішінде салған ақшасын екі еселеп қайтаруы тиіс еді.

Гүлжан БЕРІШБАЕВА, ЖӘБІРЛЕНУШІ:

Бесінші ақпанда бес адам болып бір үйден осылай договорға отырып бір миллион бес жүз мың  қолдарына санап беріп кеттік. Он екісіне келсек директор уже жоқ. Кассир жүр. Он үшінен бастап кеңсе тіпті ашылған жоқ. Білмейміз жағдайымыз не болатынын, ақшаны кредитке алдық.

Барлық салымшылардың қолында тараптар қол қойысқан келісім-шарт бар. Бірақ ондағы мөр мен қол атқарушы директордікі емес, басқа бір ауыл тұрғынына тиесілі болып шықты. Салымшылар полицияға арыз түсірді. 

Ерболат САРҚҰЛОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Ақтөбе облысы ПД «Голден сити 200» қаржы пирамидасына қатысты қылмыстық іс ҚР ҚК 217 бабы Қаржы пирамидасын ашу және басқару бабымен қылмыстық іс қозғалып тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.


Салымшылар бұл компанияның басшысын іздеп туған жері Бадамшаға дейін барып қайтқан. Бірақ нәтижесі жоқ. Енді олар тек полицияға үміт артып отыр.

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:


Айта кетейік, жуырда ғана он мыңнан астам ақтөбелік миллиардтаған теңге салған «Голд» қаржылық ұйымының басшысы ұсталған еді. Алаяқтарға алдаңғандар көбейген соң өңірдегі барлық күмәнді қаржы ұйымдарын жаппай тексерілу науқаны басталды.

Б. Рахметова