Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркістан облысы Арыс ауданының тұрғыны 1 жылдан бері "Күміс алқа" ала алмай жүр

  • AstanaTV
  • 17 ақпан 2020
  • 4718

Арман болған күміс алқа. Түркістан облысы Арыс ауданының тұрғыны 1 жылдан бері күміс алқасын ала алмай жүр. Редакциямызға хабарласқан көп балалы ана құжаттарын өткен жылдың ақпан айында тапсырған. 6 баланың анасы әкімдікке шағымданғанымен ешқандай шара қарастырылып жатпағанын айтты. Тыңдайық.

Салтанат РЫСБАЕВА, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ АРЫС АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Күміс алқаға өткізгеніме бір жыл болды. Меннен кейінгі өткізгендер 2-3 айда келіп қойып жатыр. Менікі әлі жоқ. Мен барып сұрасам. "Астанада президенттің алдында жатыр. Тексеруден жатыр" дей береді. Маған керек екі балам студент оларға керек құжат бойынша.  Көмек жағынан болсын, мектепке бала-шағама көмекке керек.

Оксана ПЕТЕРС, ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ:

Осы мәселеге байланысты Түркістан облысының атқамінерлерімен байланысып көрейік. Арыс қаласы әкімі аппаратының басшысы Талғат Анашбеков бізбен тілдесуге дайын. Қайырлы кеш, Талғат Әбдіқадырұлы! Қоңырау шалған көрерменнің  шағымын естідіңіз. Көпбалалы ана, 6 баланың анасы күміс алқасын қашан алады? Ұят емес пе? 

Талғат АНАШБЕКОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ АРЫС ҚАЛАСЫ ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ БАСШЫСЫ:


Саламатсыздар ма? Рысбаева Салтанат Ергешбаевнаның күміс алқаға өткізген құжаттары ол кісінің 2007 жылы туылған қызы Тұрлыхан Динара Пернебайқызының туу туралы куәлігінің базамен сәйкес келмеуіне байланысты бізге бірнеше мәрте келіп қайтарылған.  Қазіргі таңда құжаттары толық жинақталып, награда жөнінде комиссияға өткізілген.


Оксана ПЕТЕРС, ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ:

Сонда жалпы тәжірибе қандай екен? Көпбалалы аналар өздеріне тиесілі алқаларын алу үшін сіздердің арттарыңыздан бір жылдай уақыт жүгіру керек пе? Неге сонша созылды?

Талғат АНАШБЕКОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ АРЫС ҚАЛАСЫ ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
 
Бұл жерде базадан қызының туу туралы куәлігінің сәйкес келмеуіне байланысты орын алған. Сондықтан, жақын арада тиісті күміс алқасын ала алатын болады.

Оксана ПЕТЕРС, ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ:

Сұхбатыңызға рақмет! Байланыста болған Арыс қаласы әкімі аппаратының басшысы Талғат Анашбеков. Көп балалы ана жақын арады өзіне тиесілі "Күміс алқасын" алады деп сенеміз. Біз де бұл жағдайды өз бақылауымызға аламыз. Қымбатты көрермен, сіздің де өзекті мәселеңіз болса, хабарласыңыз!  Біз сізбен бірге тікелей эфирде жауабын іздейміз. Егер заңсыз оқиғалар мен төтенше жағдайлардың куәсі болсаңыз, экранда көрсетілген нөмірге видео немесе аудио жолдасаңыз болады.

А. Данияр