Алматылықтарға көгілдір отынды үйге кіргізу үшін несие ала алады. Мегаполисте әлі де пеш жағып отырғандар жетерлік. Бақытжан Сағынтаев бүгін халық алдында осыны айтты. Одан өзге баспана, мектеп жетіспеушілігі сынды мәселелер көтерілді. Әкім тұрғындардың сұрақтарын тыңдап, шешім табатын мәселелерді жіпке тізді. Аршын Кемелжан шаһар басшысының атқарған жұмыстары мен алдағы жоспары жайлы есебін тындап қайтты.
Бұл шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаевтың, алматылықтарға берген алғашқы есебі. "Халық Арена" спорт кешенінде ине шаншар орын жоқ. Барлығының әкімге қояр сауалдары бар. Мұны сезген болар, қала басшысы да сала құлаш қағазды оқып тұрмады. Қысқа ғана атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды жеткізді. Мұнын соң бірден тұрғындардың сұрағына кезек берді.
Әкім осы жылдың аяғына дейін Алматының барлық көшелері жарықпен қамтылады деп уәде етті. Мұнан соң тұрғындар «қызыл сызық» мәселесінің бүгінге дейін шешілмей жатқанына шағымданды. Әсіресе, Алатау ауданында үйіне құжат жасата алмай жүргендер көп екен. Қалада жалпы саны 500-ден астам жер үйдің ауласы «қызыл сызықтың» үстіне шығып кеткен.
Әкім бұл мәселенің күрделі екенін алға тартты. Дегенмен тұрғындар үшін тиімді шешім қарастырылады деді. Дейтұрғанмен жиын барысында көпшілікті қуантқан жаңалық та болды. Ол 35 жасқа дейінгі жастарды баспанамен қамту үшін қолға алынған жаңа жоба. Бақытжан Сағынтаев 5 пайыздық ипотекалық несиемен пәтер алуға жастарға жағдай жасамақ.
А. Кемелжан