Русский Сайттың толық нұсқасы

Күдікті мәйіттерді бөлшектеп тастаған

  • AstanaTV
  • 24 ақпан 2020
  • 3350

Рудныйда пәтерінен екі әйелдің мәйіті табылған қала тұрғыны қамауға алынды. Марқұмдардың бірі мүгедек арбасына таңылған, зейнеткер. Екіншісі оның жиені болып шықты. 39 жастағы күдікті олардың денесін бөлшектеп тастапты. Заңғар Санай баяндайды.

Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ:

Телефон қоңырауына жауап бермеген 68 жастағы мүгедек әйелді әуелі Қостанайдағы туыстары іздеп, 21 ақпан күні полицияға хабар берген. Кейін полицейлер оның отыз төрттегі жиенінің де жоғалып кеткенін анықтайды.

Күдіктіні ұстауға бақылау камераларының септігі тиген. Жедел тергеу тобы сол маңдағы барлық бейнебақылау мен «автоураган» жүйесіндегі бейнетаспаларды қарап, қырыққа жуық автокөліктің мәліметтерін тексерген. Әр көліктің жүргізушісі жеке шақырылып, қанды қылмысқа қатысы бар қала тұрғынының мекен жайы осылай анықталған.

Қанағат ШӘУЕНОВ,ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ТЕРГЕУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
 

Күдікті өзінің істеген ісін толығымен мойындап, алдын ала өзінің бұл іске қатысты тиянақты жоспарлағанын айтып өз ісін мойындап отыр. Және де екі адамның дене мәйітін лақтырып жіберіп яғни дәлелден қашып кету үшін Тобыл өзенінен ойық ойып мұздан алдына ала ойық дайындап қойған.

Тергеу деректеріне сенсек, күдікті зейнеткердің жиенімен жақын таныс болған. Оның неліктен екі кісіні қатігездікпен өлтіргені әзірге беймәлім. Тергеу амалдарына байланысты полицейлер артық ақпарат жариялаудан бас тартты.

Қанағат ШӘУЕНОВ,ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ТЕРГЕУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
 
Араларында реніш болған. Махаббат. Көреалмаушылық. Енді нақты тиянақты  тергеу амалдарының жүруіне байланысты ҚР 201 бабына сәйкес біз ары қарай  тергеудің мүддесі үшін ешқандай ақпарат жариялай алмаймыз.

Күдікті қылмыстық процессуалдық кодекстің 128 бабы бойынша қамауға алынды. Оның қылмыстық іс әрекетіне қатысты, басқа да куәгерлерден жауап алынады,-дейді полицейлер.

Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ:

Күдікті бұрын сотталған. Ол кісі өлтіргені үшін 18 жылға бас бостандығынан айрылып, жазасын толық өтеген. Бостандыққа шыққанына бар-жоғы екі жыл болыпты. Егер екі әйелді өлтіргені расталса, өмір бойына абақтыға қамалуы бек мүмкін.

З. Санай