Русский Сайттың толық нұсқасы

Петропавлда табылған шақалақты анасы қалай өлтірген?

  • AstanaTV
  • 27 ақпан 2020
  • 4097

Қызылжар өңірінде қоқыс арасынан табылған нәрестенің тұла бойында жарақаттар анықталған.Бұл жайында сәбидің денесін сараптамадан өткізген полиция мамандары хабарлады. Ал оның 28 жастағы анасы қамауға алды. Жас ананың туысқандары бұл қылмысқа неге жол берген? Қазақстанда балаларды өлтіру фактілері неге тыйылмай отыр? Тілшіміз жауап іздеп көрді.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:


Елді елең еткізген оқиға Тайынша ауданының Обуховка селосында болған. Жаңа туған нәресте 1992 жылғы әйелдің үшінші баласы болып шықты. Оның тұңғышы 2018 жылы іштен өлі туған екен.


Екінші жүктілігі сәтті аяқталып, ұлы жуырда 1 жасқа толмақ. Ал жас ананың қайтадан құрсағында бала көтеріп жүргенін ешкім білмесе керек. Аудандық әкімдік өкілдері ол жүктілігі жөнінде дәрігерлерге хабарламағанын айтады. Тіпті азаматтық некедегі ері де бұл жаңалықты естіп, аң-таң болған. 

Жанар АЛДАНАЗАРОВА, СҚО ТАЙЫНША АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕР БОЙЫНША ОРЫНБАСАРЫ:


Әйелден қан кеткен, сосын ол дәрігерлерді шақыртқан. Ақ халаттылар келген кезде баланың шетінеп кеткенін айтады. 3-4 айлық бала құрсақтан бірнеше бөлікке бөлініп шыққан деген. Бірақ нәрестенің денесін көрсетпей қойған. Сосын барып дәрігерлер полицейлерді шақыртып, олар нәрестені қораның артында үйіліп жатқан қидың арасынан тауыл алған. Жас ана азаматтық жолдасы және оның әке-шешесімен бірге тұрған. Әйел толық болған соң, олар жүктілікті байқамағанын айтты.

Полицейлер Қылмыстық Кодекстің 100-ші бабына сәйкес, яғни жаңа туған баланы өлтіру бойынша қылмыстық іс қозғапты. Артынша шақалаққа сараптама жасалып, оның денесінен бірқатар зорлық белгілері анықталған. Осыдан соң іс «адам өлтіру» бабына ауыстырылған.   

Сән ЖҰМАҒАЗИНА, СҚО ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

25 ақпан күні Тайынша ауданының полиция бөліміне аудандық ауруханадан Обуховка ауылында жаңа туған бала өлімі туралы телефон хабарламасы келіп түсті. Оқиға орнын тексеру барысында қораның сыртынан зорлап өлтіру белгісімен жаңа туылған баланың денесі оралған пакетте анықталды.


Тәртіп сақшыларының дерегіне сүйенсек, аймақта мұндай азғындық соңғы рет 2013 жылы жасалған. Дегенмен, ел аумағында нәрестелерге қатысты қылмыстар жыл сайын кездесіп жүр. Әйелдерді қолдау орталығы бұл мәселені жүйелі түрде шешу қажеттілігін жеткізді. 

Алина ОРЛОВА, ӘЙЕЛДЕРДІ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Бізге әрбір ауылға фельдшерлік акушерлік бекеттер қажет. Ал сіздер білесіздер ауылда амбулаториялық бекет түгілі, дәріхананың өзі тапшы. Ал ең бастысы елімізде отбасыны жоспарлау институты жоқ. Бұл мәселені мектептің деңгейінен бастау қажет. Ана мен әке сезімі сол кезден бастап қалыптасуы керек.

Алина Орлова ең болмағанда «бэби-бокс» тәжірибесін енгізілсе деді. Нәрестелерге арналған қорапша әйелдердің сана сезіміне әсер етпегенімен, сәбилердің өлімін азайтар деп үміттенеді. Бүгінде аталған жүйе пилоттық жоба ретінде «Нұр-Сұлтанда» ғана бар. 

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:


Сонымен, полицейлер қазір қылмысты бүге-шүгесіне дейін зерттеуді қолға алды. Ауруханада емделіп жатқан нәрестенің анасы қазір басты күдіктіге айналып отыр. Ал бірге тұрған отбасы мүшелері оның жүктілігін байқамай, неге сонша селқостық танықтаны тергеу кезінде белгілі болмақ.


А. Құрманкин