Русский Сайттың толық нұсқасы

Елордалық мүмкіндігі шектеулі азаматтар шу көтерді

  • AstanaTV
  • 27 ақпан 2020
  • 3160

Елордадағы мүмкіндігі шектеулі жандар шу көтерді. Олар мүгедектің күтушісіне қатысты  жаңа ережеге түбегейлі қарсы. Құжатта күтуші күн сайын 8 сағат бойы не істегенін қағазға толтырып, есеп беруі керек. Жәрдемақы сол қағаздың толтырылуына қарай төленеді.  Мүгедектер мен олардың күтушісі бүгін осы және өзге де қиындықтарын ортаға салды. 

Жадырасын Садуақасов осыдан 45 жыл бұрын өндірістік жарақат алып, мүгедектер арбасына таңылған. Содан бері өздігінен жүріп-тұра алмайды. 67-жастағы қарияның күні  күтушіге қарап отыр. Ол қызметті қазір келіні мойнына алған. Енді ол келінінің құқығының тапталып тұрғанына ашынады. 

Жадырасын САДУАҚАСОВ, 1-ТОПТАҒЫ МҮГЕДЕК:


Бұрын айына 1-ақ рет толтыратынбыз. Қайда барасын, қайда келесін, деген сияқты. Солай болатын да толтыру. Қазір әр күнде қайда баратыныңызды соған жаңағы жазасыздар депті. Мынаның не керегі бар. Неге сонша күрделендіресіздер.


Жаңа ережеге қарсы ол ғана емес. Елордадағы бір топ мүмкіндігі шектеулі жандар мен оның көмекшілері бүгін тиісті өкілдерді шақырып, өз шағымдарын жеткізді. Олар 24 сағат бойы күтім жасайтындарға берілетін 50 000-теңге жыртығымызға жамау болмайды, дейді.

Жұлдыз БЕЙСЕНАЛИНОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Менің күйеуім де, әкем де мүгедек. Олар төсек тартып жатыр. Мен екеуіне де қарауым керек. Біреуін жуындырып болсам, екіншісі күтіп отырады. Ал мен ана қағазды толтыруға уақытты қайдан табамын? Оның үстіне мемлекет соның 8 сағатына ғана ақша бөледі. Оның ішіне сенбі, жексенбі күндердегі еңбегіміз тіпті есепке алынбаған. Бұл не мазақ?


Олардың айтар шағымы бұл ғана емес. Көпшілігі тегін берілетін дәрі-дәрмекке қол жеткізе алмайтындарын айттты. Алған күннің өзінде сапасы нашар. Кейбірі тіпті сақтау мерзімі өтіп кеткен, деді. Инватакси қызметі де ақсап тұр. Тіпті жұмыспен қамту мәселесі де шешілмей жатқанына ашулы.

50-ге жуық азаматтың арыз-шағымын тыңдаған әлеуметтік қорғау өкілі әр мәселеге жеке-жеке жауап қатты. Ал мүгедектердің күтушілерінің міндетін қиындатуға қатысты қанша қарсылық болса да, ереже қолданысқа еніп үлгергенін жеткізді. 

Илья СКУБ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:


Біз бұл сұраққа қатысты өткен аптада министрлікке хат жолдадық. Олардан ресми жауап күтеміз. Алдағы уақытта бұл сұрақ шешіледі деп отырмыз.


Нұр-Сұлтан қаласында 27 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Оның 2 мыңын жеке күтуші қарап отыр.

А. Мүтәлі