Русский Сайттың толық нұсқасы

Ауыл шаруашылығы саласы шаршап жүр

  • AstanaTV
  • 28 ақпан 2020
  • 2155

Экономиканың күре тамырына айналуы тиіс ауыл шаруашылығы саласында жағдай мүшкіл. Шаруасын дөңгелектісі келген кәсіпкерлер несие ала алмай жүр. Өйткені банктер жерді де болашақ өнімді де кепілге алмайды. Ал, мемлекет беретін субсидияға жыртығын жамай алмай әуре. Осының салдарынан ауыл-шаруашылығы өнімдері ішкі нарықты толықтай қамтамасыз ете алмай отыр. Еңсесін көтере алмай жүрген ауыл мәселесі бүгін Сенатта көтерілді. Парламанеттік тыңдауға жоғарғы палата депутаттары, жергілікті атқару органдары және шаруа қожалықтары қатысты.

Өткен жылы біздің ел ауыл шаруашылығы саласында 3,5 млрд доллардың тауарын импортқа шығарып 4 млрд долларға жуық тауарды экспорттапты. Яғни, сатқанымыздан алғанымыз көп. Шетелге шығарғанымыз әрине шикізат, ал кіргізгеніміз дайын өнім.

Дүйсенғазы МУСИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Бүгінде ішкі тұтынудағы импорттың үлесі құс еті бойынша 49 пайызға, алма 31, ірімшік пен сүзбе 46, шұжық 39, қант 57, балық 72 пайызды құрайды.

Ауыл шаруашылығын дамыту үшін сан-алуан Заңдар, мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Алайда олардың пайдасынан зияны көп. Ең тұрақсыз заңдардың бірі - Жер туралы құжат. Дүйсенғазы Мусиннің айтуынша, Кодекс соңғы жылдары 99 заңнамалық өзгеріске ұшырап, 260-тан астам толықтыру енгізілген. Заң тұрақсыздығы, субсидия ережелерінің сансыз өзгеруі шаруаларды аяқтан шалып болды. "Дипломмен ауылға" бағдарламасы да көңілге қонымсыз. Атауы айқайлап тұрғанымен, нәтижесі жоқтың қасы.

Дүйсенғазы МУСИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Кәзіргі уақытта өндірілген өнімді дайындау, баспақы өңдеу, өндіруші кәсіпорындарға жеткізу жүйесі жоқ. Соынмен қатар сервистік қызметтер. Агрохимия, ветеринария, фитосанитария, мелиорация және басқаларының деңгейінің тым төмендігі саланың өсуіне тежеуіш факторлардың бірі.

Тізе берсек тежеуіш көп. Негізгілердің бірі маман тапшылығы. 3 жыл ішінде 3 мың мал дәрігері дайындалса соның 254-і ғана ауылға барып жұмысқа тұрыпты. Жастардың ауылда қалмауынан, қариялар ғана қалған.
 
Айдарбек ҚОЖАНАЗАРОВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ «ОЛЖА-АГРО» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ:

Штатта бар зоотехниктердің жартысы зейнет жасында. Зейнеткер шығармай, жалынып-жалпайып ұстап отырмыз. Олар зейнетке шығып кетсе шаруашылықты сеніп тапсыратын басқа маманымыз жоқ. Осы күнде біздің фирмаға 270 жұмысшы жетпейді. Осы мәселені ойлану керек шығар?!

Шикі заң, тұрақсыз субсидия, маман тапшылығынан бөлек кемшіліктер де жетерлік. Мал өсіріп отырған ағайын несие ала алмай сандалып жүрсе, егін шаруашылығындағылар техникасын жаңарта алар емес. Қазір елдегі  ауыл шаруашылығы техникасының 85 пайызы әбден ескірген. Одан қалды жердің құнарлығы да төмен. Шаруалардың айтуынша, 1 гектар жерге 5 келі тыңайтқыш шашылады. Ресей бізден 5 есе, ал Германия 40 есе, Беларусь 70 есе көп тыңайтқыш пайдаланады. Сондықтан болар олардың шөбі шүйгін, малы семіз. Сенат депутаттары шаруалардың уәжін әбден тыңдады. Бірнешеуін түртіп алды, кейбірін министірлер мен жергілікті атқару органдарына бұрды. «Тиісті заңдар дайындалады, қажетті бағдарламалар қабылданады» деп шағырып салды.

Д. Мұхаммедкәрім