Русский Сайттың толық нұсқасы

Мұқтаж азаматтың еміне қайырымды жандар бір күнде 20 млн теңгеге жуық қаражат жинап берді

  • AstanaTV
  • 02 наурыз 2020
  • 2692

Мидың қатерлі ісігіне шалдыққан азаматтың еміне қазақстандықтар бір күнде қаражат жинап берді. Бұл «Қазақ радиолары» ұйымдастырған қайырымдылық кешінің нәтижесі. Аты жаман дертке шалдыққан Самат Ақбергеннің жұбайы жуырда «Мың алғыс» жобасынан көмек сұрапты. Айтуынша, екеуінің отау құрғанына 3 жыл болса да, жұбайлық өмірлері ұзаққа созылмаған. Үйлену тойынан кейін отағасына "мидың қатерлі ісігі" диагнозы қойылған. Қазір дерті асқынып, көру қабілеті нашарлапты. Ұмытшақтық пайда болып, туыстарын да танымайтындай күйге жеткен.  Тағдыр тәлкегіне түскен азаматтың еміне 18 млн теңге қаржы қажет. Алғыс айту күніне орай қайырымды жандар ол сомманы артығымен жинап берді.

Кеш аясында бір-бірінен көз жазып қалған, жақындарын жоғалтқандар да табысты. Баспанаға мұқтаж үш отбасы пәтер кілтін алып, қуанышқа кенелді. Айта кетерлігі, концерт залында арнайы жәшіктер қойылған. Кештен кейін оған жиналған қаражат лейкоз диагнозына шалдыққан кішкентай Айғанымның еміне табысталды. Жалпы, осымен 3-ші рет өткізіліп отқан «Мың алғыс» жобасында 90 миллион теңгеден астам қаражат жиналып, ондаған науқасқа берілді.

Әлібек ӘЛДЕНЕЙ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:

Бұл жоба еліміздің бауырмалдығымызды, елдігімізді көрсетіп, біздің елімізге, біздің халқымызға тән жомарттық қасиеттерді айқандап тұр. Және партия қашанда бұндай жобаларды қолдап, қол ұшын созуға әзір.

А. Мүтәлі