Русский Сайттың толық нұсқасы

Елде экологияға аса зиянды полиэтиленді пакет өндірісі күрт артқан

  • AstanaTV
  • 04 наурыз 2020
  • 4385

Экологтар дабыл қағуда. Әлемді алаңдатқан пластик қалдықтар проблемасы елде де шешім таппай отыр. Ғасыр бойы шірімейтін қалдықтарды қайта өңдеу әзірге он бес пайыздан аспай тұр. Алматыда бас қосқан экологтар мен министрлік өкілдері өз жобаларын ортаға салып, ширыққан мәселеден шешім іздеді.

Ресми статистикаға сәйкес, елде жыл сайын 6 млн. тоннаға жуық тұрмыстық қатты қалдық жиналады. Оның 200 мың тоннасы пластик материалдары. Жалпы қалдықтар мөлшері 43 миллиард тоннадан асады екен. Оны қайта өңдеу және жою жұмыстарының үлесі бар болғаны 13-15 пайыз арасында. Қалған қоқыстар қоршаған ортаға салмақ салуда, дейді экологтар.

Кирилл ОСЕНЬ, ЭКОЛОГ, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:

Қазіргі уақытта қалдықтан құтылу жолы жоқ. Тек, қайта өңдеу жобасына жауапкершілік пен жүйелілік қажет. Мысалы, заңды талаптардың орындалуын қадағалау, тұрғындардың қоршаған орта туралы мәдениетін арттыру және үшіншісі қайта өңделген өнімді пайдаға асыратын өндірісті жетілдіру.


Айта кетейік, өткен жылы үкімет пластик қалдықтарды көмуге тыйым салған еді. Биыл тыйым салынған тізімге тұрмыстық өзге қалдықтар мен құрылыс қоқыстары енбек.  Алайда, полигонда жиналған пластик қалдықтардан түзілетін микропастиктер, адам мен жан-жануардың ағзасына орасан зиян келтіреді екен.

Назгүл ӘЛІМСУРОВА, ҚР ЭКОЛОГИЯ, ГЕОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРЛІГІ ТҰРМЫСТЫҚ ҚАТТЫ ҚАЛДЫҚТАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС САРАПШЫСЫ:

Ірі қара малдың ағзасынан, балықтардың ағзасынан табылып жатыр. Ол қандай жағдайда? Теңіздердің пластикпен ластанғаны жағдайынан. Сол үшін қазіргі таңда үлкен іс-шаралар жасау көзделуда.
Ол біріншіден топыраққа әсерін тигізеді. Екіншіден оны жағатын болса, олар ауаны ластайды. Полихлордефинил деген зиянды зат бар, соны шығарады.


Айта кетейік, ел тұрғындары күніне 15 млн. дана полиэтилен пакет тұтынады. Сұранысты қанағаттандыру мақсатындағы өндіріс көлемі өткен жылдың өзінде 63 пайызға артқан.

Аршын КЕМЕЛЖАН, ТІЛШІ:
 
Бұл пластикалық қалдықтарға деген сұраныстың күрт көбейгенін көрсетеді, дейді экологтар. Яғни, кері нәтиже. Ал билік тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 2030 жылы 40 пайыз, 2050 жылы 50 пайызға жеткізуді жоспарланған болатын.
 
А. Кемелжан