Русский Сайттың толық нұсқасы

"Алға" жаңа анимациялық фильмінің алдын ала көрсетілімі өтті

  • AstanaTV
  • 05 наурыз 2020
  • 8448

Балаларға базарлық. Қазақ тілінде дубляждалған анимациялық фильмдердің қатары тағы бір туындымен толықты. Бүгіннен бастап елдің барлық кинотеатрында  Disney/Pixar студиясының алғашқы "Алға" мультфильмі көрермендерге жол тартты. Фильм "Болашақ" корпоративтік қоры мен "Меломен" компаниясының бастамасымен дубляждалған. Анимациялық туындыға "Nur Otan" партиясы қолдау көрсетті. 

"Өзіңнен баста" жобасы аясында, қазақ тіліне аударылған "Алға" анимациялық фильмі 2020 жылдың алғашқы премьерасы.  Бұл қазақ тілінде дыбысталған 34-нші кинофильм. Алдын-ала көрсетілімге қатысқан «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек «Өзіңнен баста» әлеуметтік жобасының маңыздылығына тоқталды.

Бауыржан БАЙБЕК, "NUR OTAN" ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:


Елбасы осы тәуелсіздік алғалы бері осындай жобаларды қолдап келе жатыр. 9 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бата беріп біз осы жобаны бастап кеттік. Біз ай сайын амандық болса осындай мүмкін блокбастерлер көрсетсек онда қазақ тіліндегі сапалы халықаралық деңгейдегі контент кеңейеді. Сол арқылы бәрімізді өз ана тілімізді үйрене бастайық.


Мультфильмде ескі аңыздарда кездесетін эльфтердің шытырман оқиғаға толы сапары баяндалады. Екі ағайынды нағыз сиқырды тауып алмақшы болған. Басты кейіпкер - Иэнді дыбыстаған Заңғар Әбенов анимациялық туындының көрермендерге берер тәрбиелік мәні жоғары дейді. Отбасындағы сыйластық сонымен бірге, адамның өзіне деген сенімін оята білу шеберліктері көрсетілген.

Заңғар ӘБЕНОВ, ДУБЛЯЖ АКТЕРІ:
 
Ерін мен ерінді келтіру қиын болды. Себебі ағылшынша сөздер кейбіреулері үш-ақ сөз болса қазақшаға аударғанда бес сөз болады және еріндері келмей қалады. Одан кейін бұл жобада қиналған сәтім ол - сиқырлы сөздер. Термин сөздер болды, сиқырлы сөздер болды өмірімде естімеген сөздер болды тілім сынды сол кезде.


Бәзіл СҰЛТАНҒАЗЫ, ДУБЛЯЖ АКТЕРІ:
 
Иэн мен Барлидің таңғажайып әлемінен саяхаттап және сол әлемнің кішкентай ғана бөлшегі болғаныма қуаныштымын. Дубдяждағы алғашқы жұмысым. Бұл премьера мен үшін ерекше болып тұр ерекше күттім.

Дубляжға 40 шақты актер қатысқан. Көпшілігі қосымша рөлдерді дыбыстапты. "Болашақ" корпоративтік қорының қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Шайжүнісова алдағы уақытта компанияның кино сүйер қауым мен мүмкіндігі шектеулі балаларға арнаған тосын сыйы барын жеткізді.

Динара ШАЙЖҮНІСОВА,"БОЛАШАҚ" КҚ  ҚАМҚОРШЫЛЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ:

Голливудтық фильмдерді аударуға 150 миллион АҚШ доллары жұмсалды. Біздің биыл халыққа ұсынғалы отырған бірнеше қызықты фильмдеріміз бар. Бұл "Алға" деп аталатын туынды солардың алғашқысы. Туынды көрермендерге ұнайды деп ойлаймын. Біздің осы айда тағы бір фильміміз, көпшілікке аты таныс "Мулан" жарық көреді.

Айта кетейік, тұңғыш рет қазақ дубляжының тарихында фильмдегі мәтіндік жазулар бір ізге түсіріліп, ыңғайға келтірілді. Елордада өткен алдын-ала көрсетілім, ана тілінде тамашаланды.

А. Данияр