Русский Сайттың толық нұсқасы

Орал қаласының тұрғындары батпақ жолдың азабын көріп келеді

  • AstanaTV
  • 06 наурыз 2020
  • 4155

Орал қаласындағы Сарыарқа мөлтек ауданындағы тұрғындар арнамызға хабарласты. Жұрт, жол азабынан қашан құтылатындарын білмейді. Айтуларынша, шағын ауданның құрылғанына 10-жылға жуықтаса да, көктемде лай кешіп, жазда шаң жұтып жүр. Жаңбырлы күні көшеде адам түгілі, көлік те жүре алмайды. Осы мәселемен әкімдікке де талай барған. Алайда, құр уәдемен тойдырып келеді, дейді базыналы жұрт.

Кенжегүл АРАЛБАЙҚЫЗЫ, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біздерге қазір өте қиын. Жер балшық. Айнала су. Балалар балшыққа құлап жатыр. Сабаққа бару мүмкіндігі өте төмен. Жолдың сапасы төмен. Жедел жәрдем келе алмайды. Сол жайында бізге жол салына ма, салынбай ма, халық қанша уақыт күтеді, сол жөнінде бізге жауап керек.


Оксана ПЕТЕРС, ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ:

Мәселенің анық-қанығын білу үшін Орал қаласының атқамінерлеріне шықтық. Қалалық жолаушы тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Ербол Арыстанғалиев тікелей байланыста екен. Ербол Қаламұлы, қайырлы кеш! Көрерменіміздің шағымын естідіңіз! Ауыл десек, таңқалмаймыз. Алайда, қаладағы жұрттың бұлай батпақ кешіп жүруіне не себеп болды? Бұл жағдайдан хабарыңыз бар ма?

Ербол АРЫСТАНҒАЛИЕВ, ОРАЛ қ. ЖОЛАУШЫ ТАСЫМАЛЫ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:

Әрине, хабарым бар. Бұл Сарыарқа шағын ауданы осы беріде, жер телімі беріліп, халық өздері, өздерінің  үйлерін салып, солай жаңадан ашылып жатқан, жаңадан ашылған ш/а. Енді осы 1-2 жыл бұрын жаңа мектеп ашылды. Қазіргі уақытта Сарыарқа ш/а бойынша жобалық сметалық құжаттама толығымен дайын. Енді жалпы оның соммасы 3 млрд 400 млн теңген құрап отыр.Және де біз осы бөлім қаржылық өтінім беріп, жаңағы қарапайым сөзбен айтқанда ақша сұратып отырмыз. Енді қаржы бөлінген жағдайда, амандық болса, осы конкурс жарияланып, мердігер анықталатын болады. Сосын да бір айта кететін зат, қаржының көлемі үлкен болғандықтан, бұны біз жобалық-сметалық құжаттаманы 3 сменге бөліп отырмыз.Бірінші кезекке, ең алдымен, қоғамдық көліктер және жүретін әлеуметтік нысандар, мектеп мысалға, т.б көшелерді қамтитын болады.

Оксана ПЕТЕРС, ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ:

Ең бірінші кезең қашан басталады?

Ербол АРЫСТАНҒАЛИЕВ, ОРАЛ қ. ЖОЛАУШЫ ТАСЫМАЛЫ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:

Ең бірінші кезең ағымдағы жылы басталады деп күтіп отырмыз. Оны басшыларымыз шешеді деп отырмыз. Бұйырса, шешіледі.

Рақмет сұхбатыңызға! Естеріңізге сала кетейін, бізбен тікелей байланыста болған Орал қаласы жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Ербол Арыстанғалиев. Біз де бұл жағдайды өз бақылауымызға аламыз. Уәде етілген жұмыстардың деңгейін түсіріп, бейнематериал әзірлейміз. Қымбатты көрермен, сізді де алаңдатқан өзекті мәселе болса, хабарласыңыз!  Біз сізбен бірге тікелей эфирде жауабын іздейміз.

А. Мүтәлі