Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда жаңа тұрғын үйге қатысты дау туды

  • AstanaTV
  • 11 наурыз 2020
  • 2114

Қызылжарда жаңа тұрғын үйге қатысты дау туды. Жамбыл көшесінің бойында тұрғызылған көпқабатты үйдің құрылысын, бірнеше компания қатар жүргізіп жатыр. Үйдің бір шеті қолданысқа тапсырылғанымен, қалған бөлігі әлі салынып бітпеді. Баспананың ауласын абаттандыру мен коммуналдық жүйелерді тарту кімнің міндеті, ол жағы әзірге белгісіз. Құрылыс компаниялары мен жергілікті билік жауапкершілікті бір-біріне сілтеп отыр. Жұмысшылармен қабаттасып жүрген тұрғындардың жанайқайын аймақтағы тілшіміз тыңдап қайтты.

Қылауы түспеген пәтердің кілтін алуды өмір бойы армандаған Еркегүл Есмағұлова, былтыр қазан айында ғана қол жеткізді. Ол 7-20-25 бағдарламасы арқылы екі бөлмелі баспана алып, жөндеу жұмысын қолға алған.

Еркегүл ЕСМАҒҰЛОВА, ТҰРҒЫН:

Мұнда су болған жоқ басында. Суды даладан тасыдық. Лифт істемейді. Қазір міне жылу үшін төлеңдер деген, біз оған келістік. Жылу болды қыс бойы. Енді бүгін бізге свет және ыстық су үшін төлеңдер деп айтып жатыр. Жоқ нәрсеге біз төлегіміз келмейді.

324 пәтерлі баспананың құрылысын бес бірдей компания жүргізіп жатыр. Күні бүгінге дейін оның екеуі өз бөліктерін қолданысқа тапсырып үлгерген. Енді дайын тұрған пәтерлерге жұрт көше алмай отыр. Тұрғындарды шашылған аула мен қайнап жатқан құрылыс қынжылтады.

Даяна БЕХ, ТҰРҒЫН:
 
Үйде жарық пен ыстық су жоқ. Аула құрылыстан қалған қоқысқа толып тұр. Аяқ басатын жер жоқ. Қалай тұрамыз? Төрт айдан бері ипотека төлеп келемін. Одан бөлек пәтер жалдап отырмыз.

Бізге белгілі болғандай, тұрғындар уақытша қосылған коммуналдық жүйелерді пайдаланып отыр. Өйткені тұрғын үй кешеніне негізгі желілер әлі тартылмаған. Ауланы абаттандыру мәселесі де әлі ашық күйі қалып отыр.

Андрей КАПУСТИН, ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Үйді абаттандыру мен коммуналдық жүйелерді тартудың жобасы әзірленген. Шамамен 150 миллион теңгедей қаржы қажет. Бұл жобаны қалалық әкімдік қаржыландырады деген ауызша түрде келіссөздер жүргізілді. Қазір нақты кімнің жасайтыны әзірге белгісіз.

Ал жергілікті билік болса, бюджетте аталған тұрғын үй кешеніне қаражат қарастырылмаған деді.

Нұрболат МУЖИКЕНОВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Бұл жеке құрылыс болған соң, біз оған кіріспейміз. Жергілікті әкімдік бұл үйге коммуналдық жүйелерді тарта алады. Бірақ оған қаражат әзірге жоқ. Ол үшін мәслихаттан қосымша қаражат сұрау керек. Бұл мәселе әлі қарастырылған жоқ. Ал ауланы абаттандыру міндеті құрылыс компанияларының мойнында. Біз оған жауап бермейміз.

Бүгінде үш жүзден астам пәтердің басым бөлігі сатылып кеткен. Енді олар өркениеттен тыс қалуы мүмкін.

А. Құрманкин