Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанның төрт азаматы коронавирус жұқтырды, - Е.Біртанов

  • AstanaTV
  • 13 наурыз 2020
  • 2569

Қазақстанның төрт азаматынан коронавирус анықталды. Бұл ақпаратты Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов растады. Қазір науқастар Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында, тек біреуі ғана Германияның ауруханасында жатыр. Індет қалай анықталды? Науқастармен байланыста болған жолаушылар қайда? Бұл сауалдарға әріптесім Асылбек Данияр жауап іздеді.

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

Қытайдың Ухань қаласында өткен жылдың желтоқсан айында пайда болған коронавирус індеті Қазақстанға да жетті. Дертті жұқтырғандар Германиядан Алматыға және Миланнан Нұрсұлтанға ұшып келген отандастарымыз. Олардан ауру белгілері бірден анықталмапты. Алғашқысы 9-шы наурызда келген.

Германияның сыртқы істер министрлігі, біздегі әріптестеріне аты жаман дертке шалдыққан адаммен қазақстандықтардың бірге болғанын хабарлаған. Осыдан соң жіті тексеріс басталып, науқастар анықталды. Олармен 175 адам қарым-қатынаста болғаны да белгілі болды. 12-сі карантинге жатқызылса, қалғаны іздестірілуде. Министр, қатты алаңдауға негіз жоқ деді. Қазір вирус таралмау үшін барлық шара қолға алынғанын айтты.

Елжан БІРТАНОВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Қажетті медициналық жабдықтар мен дәрі-дәрмектің резервтеріміз бар. Медициналық қызметкерлердің барлығы дайындалған, не істейтінін бәрін біледі. Қажетті  кленикалық протакол бойынша оқудан бәрі өткен. Біз -  күшті халықпыз. Көп қиындықтан өткенбіз, осы қиындықтанда барлығымыз бірге өтеміз деп ойлаймын.

Елжан Біртановтың айтуынша вирустың тұмау сияқты қалыпты және ауыр дәрежелері болуы мүмкін. Сондықтан, сақтық шараларын қатаңдату керек екенін жеткізді.

Елжан БІРТАНОВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Бұл респираторлық вирустық инфекция, ол әр түрлі формада болады, айталық, тұмау, бірақ бұл соның кішкене ауыр түрі. Жеңіл дәрежеде емдеу қажет емес. Көп сұйықтық ішіңіз, егер мазасыздық болса, қабынуға қарсы препараттар қабылдаңыз. Егер тұрақты температура, жөтел сияқты ауыр белгілер байқалса, жедел жәрдем шақыру керек.

Денсаулық министрі, мүмкіндігінше адамдар көп шоғырланған орындарға бармауға кеңес береді. Бүгінде барлық қоғамдық көліктерде залалсыздандыру жұмыстары күшейтілген. 

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

Үкімет коронавирустың таралуына байланысты Ресей, Қырғызстан мемлекеттерінен ішкі құжатпен өтуге уақытша шектеу қою туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ барлық Қазақстан халқына жеке бастың гигиенасын сақтап, иммунитетті көтеретін тағамдар пайдалануға шақырады.

А. Данияр