Русский Сайттың толық нұсқасы

Ата-аналар ақылы демалысқа жіберілуі мүмкін

  • AstanaTV
  • 13 наурыз 2020
  • 2187

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев медициналық нысандардың дайындығын тексеруді талап етті. Сондай-ақ, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету мәселесін шұғыл шешуді тапсырды. Бұл жайында мемлекет басшысы шұғыл әрекет ету штабының кеңесінде айтты деп хабарлайды, "Ақ орданың" баспасөз қызметі. Бұдан бөлек, балаларына қарау үшін үйінде отыруға мәжбүр ата-аналардың біріне ақылы еңбек демалысын беру қажеттігін көтерді. Үкімет пен бірқатар мемлекеттік органдардың басшыларына осы бойынша жұмыс берушілермен келісуді тапсырды. 

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Үкімет фискалдық механизм арқылы кәсіпорындарды қолдау шараларын қабылдау керек. Бюджет қаржысын жұмыспен қамту, шағын және орта бизнесті қолдауға бағыттау керек. Аймақ әкімдері азық-түлік пен қызмет түрлерінің бағасын бақылау жұмыстарын белсенді жүргізуі қажет.

Президент мемлекеттік қызметшілер мен басқа да лауазымды тұлғалардың шетелге іс-сапарға шығуына тыйым салды. Бұған мемлекет қауіпсіздігі үшін жасалатын сапарлар кірмейді деді. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев қысқа мерзім ішінде елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамын және бюджет шығынын қайта қарауды тапсырды. Шұғыл кеңестен кейін Президент Твиттер парақшасына Үкіметке түбегейлі өзгерістер жоспарын әзірлеу керектігін жазған.

TWITTER ПАРАҚШАСЫНДА:

Әлем жаһандық экономика мен геосаяси ахуалды қайта өзгертудің күрделі кезеңіне аяқ басты. Қазақстанның алдында мүлдем жаңа талаптар жағдайында экономиканың орнықты даму режимін сақтау міндеті тұр. Үкімет түбегейлі өзгерістер жоспарын әзірлеуі тиіс.

А. Мүтәлі