Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде «Жилище» құрылыс компаниясының үлескерлері пәтерсіз қаламыз ба деп қорқады

  • AstanaTV
  • 13 наурыз 2020
  • 2641

Пәтерсіз қаламыз ба? Ақтөбеде көп қабатты тұрғын үйдің құрылысына ақша салған үлескерлер осы сауалдың жауабын іздеді. Олар құрылыс жұмыстары өткен жылдың қазан айында тоқтап қалғанын айтты. Енді олар пәтерсіз қаламыз ба деп қорқады. Өйткені құрылыс компаниясы басшысының үстінен іс қозғалып, ол қамауға алынған.

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:

Бұл көп қабатты үй өткен жылдың жаз айларында салынып басталған. Биылғы жылдың шілдесінде толықтай пайдалануға берілуі тиіс болған. Бірақ өздеріңіз көріп тұрғандай бірінші қабаты салынған үйдің құрылысы қазан айында тоқтап қалған көрінеді.
 
Енді осы «Жилище» құрылыс компаниясына жиған-тергенін пәтер аламыз деп салғандар не істерлерін білмей дал. Өйткені бір ай бұрын  компания кеңсесі жабылған.

Гүлназ ІЗБАСАРОВА,ҮЛЕСКЕР:

Біз төрт миллион салдық. Ал қалғандары жеті,  он миллионға дейін ақша салған. Мынау үшінші подъезді 45 пәтерлі үй. Наразылығымыз біздің ақшамызды қайтарсын немесе салып берсін. Бірақ біздің счетта 9 миллион ғана қалған. Қазан айында 90 млн, желтоқсан айында 100 миллион шешіп алған. Ақша қайда? Кім салады?

Бұл тұрғын үйге жиналған халық, бас-аяғы 137 миллион теңге ақша салдық дейді. Үлескерлердің көпшілігі көршілес облыстар мен ауданда тұрады. Кейбірі тіпті бұл жағдайдан хабарсыз да екен.

Гүлнәр ОРАЗАЛИНА, ҮЛЕСКЕР:

Мен үш бөлмеге он миллион салып тастадым. Ақшада жоқ, үйде жоқ. ана кісі ұсталып жатыр. Бір ай болды. Білмеймін әрі қарай айтпайды. Әкімге бардық. Жан-жақтың барлығына бардық. ГАСК, Әкімдік, архитектура, прокуратураға арыздандық. Соттың үкімін күтеміз деді.Сосын шешеміз деді үй салына ма салынбай ма.

Ашулы үлескерлерді сабырға шақыруға құрылыс мекемесінің өкілі келді. Ол тұрғын үй кешенінің құрылысы уақытша тоқтап тұр деді.

Андрей ШАУЛЬСКИЙ, «ЖИЛИЩЕ» ТҮК ЖШС ӨКІЛІ:

Қазіргі таңда «Жилище» Тұрғын үй кешені төрағасы Нұрлан Алиұлы қамауда отыр. Барлық келісім шарт, қаржы бөлу шаралары сол арқылы жүгізіледі. Барлық ақша құрылысқа жұмсалған. Енді басқа төраға сайлау керек пе сол мәселе қарастырылады.

Құрылыс компаниясының басшысына қатысты іс қозғалған, қазір қамауда. Полиция оған тұрғындар шағымы себеп болды деді. Бұған дейін салынған пәтерлердің  қожайындары баспананың сапасыздығын айтып, арыз түсіріпті.  

Ерболат САРҚҰЛОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Қазіргі таңда бұл құрылыс компаниясының басшысының үстінен «Алаяқтық» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүріп жатыр. Компания басшысы қамауға алынған.

Үлескерлер келісім -шартта көрсетілген уақытта, үйдің қолдынысқа берілуін талап етуде. Олай болмаған жағдайда сотқа жүгінбекші.

Б. Рахметова