Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда медициналық қалдықтар қараусыз шашылып жатыр

  • AstanaTV
  • 13 наурыз 2020
  • 4650

Алматыда медициналық қалдықтар тасталған заңсыз қоқыс алаңы табылды. Қанға толы дәрі-дәрмек үйіндісі қаланың дәл іргесінде шашылып жатыр. Жергілікті экологтар қараусыз жатқан қалдықтарды кезекті тексеріс кезінде анықтаған. Әсем Лесбектің репортажы.

Мына бейнежазба қаладағы екінші жылу электр орталығының іргесінде орналасқан медициналық цехта түсірілген. Онда жекеменшік ғимарат іші бос шелектер мен 5 литрлік құтыларға толы екендігі анық көрінеді. Қалдықтар арасында шала жанған шприцтер мен қанға боялған бөтелкелер көп. Тексеріс жүргізгендер көрінген жерде жатқан инелерде инфекция болуы әбден мүмкін дейді

Тимур ЕЛЕУСІЗОВ, «ЭКОПАТРУЛЬ» ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Санитарлық нормаға сәйкес мұндай орындардан радиусы 300 метр қашықта ешбір кәсіпорын, тұрғын үй болмауы керек. Ал мына жерде 10 метрден соң түрлі өндірістер орналасқан. Адамдарда жүр. Қазір елде коронавирустан сақтану шаралары жаппай жүргізіліп жатыр ғой. Ал мына орынның тағы бір ауру ошағын тудырмайтынына кім кепіл? Жалпы құзырлылар бұл цехқа қалай ғана лицензия берген? 

Өзін цехтың қызметкерімін деп таныстырған мына азамат бүкіл құжаттарының заңды екенін айтты. Кейін бөгде адамға кіруге болмайды деп қақпа есігін тарс жауып алды. 

Сергей МАНУЛИЕВ, ЦЕХ ҚЫЗМЕТКЕРІ:


Біз онсызда қалдықтарды түңгі сағат 9 дан таңғы 5 ке дейін ғана жағамыз. Маңайымыздағы тұрғындарға залал келтірмес үшін. Енді қалдықтар көп қой, бәрін бірден өртеп үлгермейміз.

Әкімдік өкілдері қазір аталмыш орынды жіті бақылауға алған. Ал қалалық экология департаменті медициналық зауытқа жаза қолданылатынын жеткізді. Шамамен 30 айлық есептік көрсеткіш яғни 79 мың 530 теңге көлемінде айыппұл салынбақ. 

Талғат ҚАМБЕТОВ, АЛМАТЫ қ. ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Алматы қаласы бойынша экологиялық полицияның қызметкері әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғап, көлемі 30 АЕК есебінде айыппұл салынды. Енді алдағы уақытта талдау жүргізіп, осы медициналық қалдықтарды өңдейтін, жоятын мекемелерге тексерулер жүргізілетінін хабарлаймыз.


Мамандар бұл қалдықтар қызуы 1000 градус болатын пеште жойылу қажет екенін айтады.

Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:

Санитарлық нормалардан жұрдай деп жағасын ұстаған экологтар енді санэпидемиологтар мен прокуратураға шағым түсірмекші. Олардың пікірінше, мұның алдын алмаса, бір цехтың кесірінен эпидемиялық апат орын алуы әбден мүмкін.

Ә. Лесбек