Русский Сайттың толық нұсқасы

Дертіне дерт жалғап алғандар

  • AstanaTV
  • 16 наурыз 2020
  • 3935

Алматының іргесіндегі көпсалалы клиникалық аурухананың дәрігері лицензиясыз ота жасап келген. Бұл туралы қалалық полиция департаменті айтты. Медицина ғылымдарының кандидатынан зардап шеккен тұрғындар арнамызға шағымданған еді. Олар дәрігердің салғырттығынан дертіне дерт жалғап алғандарын айтты. Солай бола тұра дәрігерге жаза қолданылмағанын түсіне алар емес. 

Алматы облысының тұрғыны Гүлмира Абирова өткен жылдың тамызында құлағаныа ота жасатқан. Айтуынша көпсалалы клиникалық ауруханада жасалған операциядан соң беті қисайып қалыпты. Бір ауруына екінші дертті жамап берген дәрігер, бес айдан бері қисайған бет қалпына келеді, деп сендіріп келген. Тағаты таусылған тұрғын құзырлы органдарға арызданды.

Гүлмира АБИРОВА, ЗАРДАП ШЕГУШІ:

Келіп сұрасам айтады: сен үйге барған соң бетіңе тұз қыздырып бас, аршаны, сексеуілдерде отқа жағып бетіңді төсе, деді. Мен денсаулығыма байланысты осы кісінің айтқанының бәрін істеп көрдім. Осы бесінші айға кетіп бара жатыр менде ешқандай нәтиже жоқ. Менің отаға дейінгі түрім мынадай болған. Одан кейінгі түрім мынау өзіңіз көріп отырсыз.
 

Басы дауға қалған аурухананың бас дәрігері, болған жайтты растады. Ота жасаған ақ халатты аталған клиникада бөлім меңгерушісі, әрі медицина ғылымдарының кандидаты екен. Облыстық ауруханада жиырма жылдан бері еңбек етіп келген. Ол осыған дейін де жұмысына жауапсыз қарағаны үшін сөгіс алыпты. 

Жұмахан МОЛДАҚҰЛОВ, АЛМАТЫ КӨПСАЛАЛЫ КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:


Қазіргі уақытта бізде кадрлық кеңесті өткізіп, соның нәтижесінде Марал Дәлелханқызын орнынан алып, арыз түсуіне байланысты қазір тексеру нәтижесіне байланысты ары қарай шара қолданылады. Ол жоғары санаттағы дәрігер сонымен қатар медцина ғылымының кандидаты.


Аурухананың бөлім меңгерушісінің жауапсыздығынан Жандос Бауыржанұлы есімді азамат та зардап шеккен. Гайморитті емдетпек болған тұрғынның үш отадан кейін бет сүйегіне ірің түсіп, дертке шалдыққан. Алайда, денсаулық сақтау саласына жауапты мамандар ешқандай шара қолданбай келеді, дейді.

Жандос БАУЫРЖАНҰЛЫ, ЗАРДАП ШЕГУШІ:

Менің екінші отамда мақта, тампонын қойып ұмытып кеткен кезде менің екінші диагнозбен ауырғаным белгілі болды. Менің бет сүйегіме ірің түсіпті, ірің ішке қарай кетіп қалған. Біз барлық дәрігерлерде болдық. маған жасайтыны септоплатика болса, бұл кісі маған реноплатика операциясын жасап жіберген.

Тыныс алу жолын емдетемін деп дертіне дерт жалғаған Жандос полицияға арызданған.

Салтанат ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Азамат Бауыржанұлының арызы ҚР ҚК 317 бабы бойынша тергелу үстінде. Әлі өндіріс үстінде. Қылмыстық істің аясында бірнеше сараптамалар тағайындалған болатын. Нәтижесінде дәрігердің кінәсі толығымен дәлелденді. Содан соң Медеу аудандық прокуратурасының нұсқауымен бұл істен бөлек тағы бір қылмыстық іс қозғалды. ҚК 322 бабы. Яғни, бұл дәрігердің осындай оталарды жасауға арнайы лицензиясының жоқтығы.

Медициналық көмекке жүгінген Гүлмира Абирова қазір жұмысқа жарамыз. Ал, Жандос Бауыржанұлына, жамалған аурулардан айығу үшін күрделі ота жасату керек. Зардап шегушіде мұндай жауапсыз дәрігерлерден өзгелер алшақ болса дейді.

А. Кемелжан