Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстандықтар кредитті уақытында төлей алмаса, өсімпұл пен айыппұл төлемейді

  • AstanaTV
  • 17 наурыз 2020
  • 4888

Микроқаржы ұйымдарынан қарыз алғандарға, өсімпұл мен айыппұл есептелмейді. Бүгін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Үкімет отырысында осылай деді. Бұдан бөлек, кәсіпкерлерге қарызды кейін төлеуге де мүмкіндік жасайды. Коронавирусқа байланысты енгізілген төтенше жағдай кезінде тағы қандай шаралар қабылданып жатыр? Айя Мүтәлі тарқатады.

Айя МҮТӘЛІ, ТІЛШІ:

Қазақстан Үкіметі коронавирустан елге тиетін экономикалық дағдарысқа қарсы шараларды бастап кетті. Отырыста дүйім жартты алаңдатқан несие мәселесі көтерілді. Үкімет басшысы Асқар Мамин қарыз алушы қазақстандықтар төтенше жағдай кезінде  мүліктік жауапкершіліктен босатылатынын айтты.

Яғни, микроқаржы ұйымдарынан қарыз алғандар кредитін кешіктіргені үшін өсімпұл мен айыппұл төлемейді. Бұл санатқа ломбард, несие серіктестері және қарыз беретін кредиторлар кіреді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысының айтуынша, оны шағын және орта бизнесті қолдау үшін қолға алған.  

Мәдина ӘБІЛҚАСЫМОВА, ҚАРЖЫ НАРЫҒЫН РЕТТЕУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты қаржылық жағдайы нашарлаған дара кәсіпкерлер мен ШОБ субектілеріне негізгі борыш пен сыйақыны қоса алғанда, төлемдер мерзімі 90 күнге дейінгі мерзімге кейінге қалдыру жұмысын жүргізуге тиіс.


Мәдина Әбілқасымова банктердің тауар және қаржы нарығын тұрақтандыру үшін тиісті жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Банк салымшылары үшін қауіп-қатер жоқ, деді.

Мәдина ӘБІЛҚАСЫМОВА, ҚАРЖЫ НАРЫҒЫН РЕТТЕУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Қазіргі уақытта Қазақстанның қаржы жүйесіндегі жағдай тұрақты. Шоғырланған негізде е кінші деңгейлі банктердің үздіксіз қызметін қамтамасыз ету және банктік қызметтердің толық тізбесін көрсету үшін меншікті капиталы мен өтімділігінің едәуір қоры бар. Банктердің салымшылары үшін тәуекелдер жоқ.

Сонымен қатар, төтенше жағдайға байланысты, жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр болған ірі сауда орталықтары мен кинотеатрларды да қолдау жұмыстары шетте қалмаған. Олар 1 жыл бойына салықтан босатылады.

Руслан ДӘЛЕНОВ, ҚР ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

Бұл санаттағы заңды тұлғалар және жеке кәсіпкерлер үшін бір жылғы мерзіміне мүлік салығынан босату ұсынылады. Бір тоқсанға өсімпұл есептеуді тоқтату және  3-ші тоқсан үшін салықтық есептілік мерзімін ауыстыру ұсынылады.

Бұдан бөлек, төтенше жағдай еңбек нарығына да әсер етпей қоймаған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі биыл 735 мың адамды жұмыспен қамтуға қауқарымыз жетеді дейді.

Біржан НҰРЫМБЕТОВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:


Оның ішінде жұмыскерлердің босатылу мүмкіндігі, жаңа жұмыс орындарының көлемінің азаюы, жұмыссыздық деңгейінің өсуі қатерлері бар. Елімізде осындай кері әсерлерді болдырмау мақсатында жаппай жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған Жол картасы әзірленіп жатыр.


Айя МҮТӘЛІ, ТІЛШІ:

Үкімет көктемгі егіс науқаны үшін де алаңдаулы. Маусымдық жұмыстарды уақытылы әрі сапалы өткізу мақсатында өңір басшыларына бірқатар тапсырамалар жүктеді. Атап айтқанда, көктемгі дала жұмыстары үшін 387 мың тонна дизель отыны бөлінді. 


А. Мүтәлі