Русский Сайттың толық нұсқасы

Нұр-Сұлтан мен Алматыда бақылау бекеттері қойылып жатыр

  • AstanaTV
  • 18 наурыз 2020
  • 2853

Ертеңнен бастап, Елордада 6 , ал Алматыда 27 блок-бекет жұмысын бастайды. Енді аталған қалаларға емін-еркін кіріп шығуға шектеу қойылмақ. Тек бұған дейін өзге өңірлерден келген жолаушылар, азық-түлік тасымалдайтын жүк көліктері мен науқастардың ғана қозғалысына жол берілмек. Ал, тәртіп бұзғандарға қатаң жаза қолданылмақ. Блок-бекеттердің жұмысы қалай жүрмек? Бұл сауалға карантинге жабылатын қаладағы әріптестерім жауап іздеді.

Ғалымжан ӨТЕМІСОВ, ТІЛШІ:

Бүгін түңгі 12-де Нұр-Сұлтанда карантиндік режим күшіне енеді. Мұндай шара қауіпті індетті басқа қалаларға таратпау үшін жасалып отыр. Қаладан шығаберістегі 6 бақылау бекетінде қозғалыс шектеледі. 

Оған қорғаныс министрлігінің әскерлері мен полиция қызметкерлері жұмылдырылған. Ел астанасында жедел штаб құрылған. Мамандар тәулік бойы азаматтардың сұрағына жауап береді деп отыр. Ал бақылау бекеттері...

Ержан СӘДЕНОВ, НҰР-СҰЛТАН қ. ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ:


Бұл бекеттер Елорда маңындағы Жібек Жолы, Қосшы, Қараөткел, Талапкер және Қоянды ауылдарының маңында орналасқан.


Карантин кезінде қала іргесіндегі елдімекен тұрғындары Нұр-Сұлтанға емін-еркін қатынай алады. Себебі бұл ауылдар да карантиндік аймаққа енген. Мұндай хабарды Целиноград ауданы әкімдігі таратып отыр. Алайда аудан әкімінің орынбасары Алма Айтқожина елдімекен тұрғындарына үйден шықпауға кеңес берді.

Алма АЙТҚОЖИНА, ЦЕЛИНОГРАД АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазір қолға алынған барлық іс-әрекеттер тек сіздің және сіздің жақындарыңыздың денсаулығы мен өмірін қорғауға бағытталған. Тек тыныштық сақтап, даурықпауларыңызды сұраймыз. Жүйелі шаралар мен өзара түсіністік арқылы коронавирусты жеңіп шығытынымызға сенемін.

Ғалымжан ӨТЕМІСОВ, ТІЛШІ:

Қорыққанға қос көрінеді. Дүрліккен жұртты одан әрі алаңдататын хабарламалар көбейген. Ержан Сәденов жалған ақпарат тарататын азаматтар жазасыз қалмайтынын ескертті. Карантин енгізілетін Алматыдағы дайындық қай деңгейде? Бұл жайында  мегаполистегі әріптесім Әсем Лесбек бөліспек. Әсем?


Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:


Иә, Ғалымжан бізде де дайындық жұмыстары қызған. Блок-бекеттер қаланың 27 нүктесіне қойылады. Нақтырақ айтсақ қалаға кіреберістер мен 10 магистральды көшеге орнатылмақ.
 
Бұл бекеттерде полицейлерден бөлек санитарлық дәрігерлерде болады. Олар коронавирус белгілері байқалған азаматтарды уақытылы тексерістен өткізуі үшін қажет. Әр бекетке тепловизор құралдары қойылмақ. Күдік тудыратын симптомдар табылған жағдайда, дәрігерлер шұғыл шара қолданады

Әсел ҚАЛЫҚОВА, ТАУАРЛАР ЖӘНЕ ҚЫЗМЕТТЕР САПАСЫ МЕН ҚАУІПСІЗДІГІН БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Дене қызуы анықталған жолаушылар жергілікті медициналық мекемелерге қайтарылады. Тауарлар мен қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау департаменті бұл азаматтар жөнінде анықтап, медициналық бақылауға алынуын қадағаламақ.

Бұдан бөлек мегаполистағы қоғамдық орындар мен тұрғын үйлерде санитарлық-эпидемиологиялық дезинфекция жұмыстары күшейтіледі. Көшелер мен тротуарлар жиі залалсыздандырылып, қалаға іргелес аумақтар тазаланбақ. Тұрғындар мен көлік құралдарының мегаполиске емін-еркін кіріп-шығуына шектеу қойылады. Жергілікті полицейлер тәртіпке бағынбағандарға қатаң жаза қолданамыз деп отыр.Төтеншеліктің талаптарын бұзғандарға 2000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынбақ.

Салтанат ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ қ. ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
 
Негізі осындай оқыс жағдай және карантин кезінде билік өкілдерінің талаптарына бағынбайтын азаматтар әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Әкімшілік кодексінің 476 бабына сәйкес 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады. Ал қылмыстық кодекстің 379 бабының нормалары бойынша 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Қалада қауіпті вируспен күрес үшін 1300 медицина қызметкері жұмылдырылған. Дертке қарсы шараларға қала резервінен 12,4 млрд теңге қарастырылып отыр. Дертке шалдыққан 18 адамның да жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланды.

Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:

Карантин кезінде балабақшалардың, ірі сауда орындарының жұмысы тоқтатылады. Мұндай шектеулер - коронавирустың таралуын тоқтату үшін жасалып отыр. Сондықтан тәртіпке бағыну баршаға ортақ міндет.

Ә. Лесбек, Ғ. Өтемісов