Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандылық оқушы қыз саятшылық өнерді нәзік жандылар арасында дамытқысы келеді

  • AstanaTV
  • 20 наурыз 2020
  • 4440

Қарағандылық оқушы қыз саятшылық өнерді дәріптеп жүр. Ұлты орыс болса да Анна Захарова құмай тазы баптап, талай халықаралық жарыста топ жарған. 11 сыныптың оқушысы көп қабатты үйде тұрса да бос уақытында далада ит жүгіртіп, қансонарда аңға шығады. Қазақтың тазысын сенімді серігі санайтын Анна саятшылық өнерді нәзік жандылар арасында дамытуды армандайды.

Анна Захарова құмайды құр мақтан үшін ұстамайды. Ол үшін үстіндегі оқалы шапаны, қарсақ тымағы, жетектеген иті - бәрі өз алдына жеке-жеке өнер. Қаршадай қыз қазақтың болмысын, әсіресе саятшылық өнерін сүйеді. Оның айтуынша, серілік ұлт талғамайтын өнер. Оқушының арманын білген соң, достары оған «Джек» есімді итті  сыйлаған. Содан бері қазақтың тазысы Аннаның сенімді серігіне айналды. 

Анна ЗАХАРОВА, АҢШЫ:

Менің тазым, ол- менің алтын қазынам деп санаймын. Мен үшін ит жүгірту-  ұлттық спорттың бір түрі.  Қазақтар құмайды тегін ұстамаған. Ашаршылық жылдары  құмай аң аулап бүтін бір ауылды асыраған.

Аннаның тазысы қоян мен қарсақты қағып түсіреді. Саятшы қыз халықаралық, республикалық жарыстарда топ жарып жүр. Жақында ғана оның құмай тазысы кезекті додада бірінші орынды еншілеген. Аннаның ұстазы Рамазан Үсеев қырағы қыздың саятшылық өнерде болашағы зор екенін айтады.

Рамазан УСЕЕВ, САЯТШЫ:

Ешкімді жатсынбайды. Ерекше бала. Тазыға өте құмар. Өзіміздің қазақтың балалары секілді.

Саятшы қыз болашақта жеке үйге көшіп, құмай тазыны көптеп асырауды көздеп отыр. Сөйтіп әдетте ер адамдар бейім өнерді нәзік жандыдаларға үйретсем,- деп армандайды.

А. Қуаш