Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны 135-ке жетті, - ҚР ДСМ

  • AstanaTV
  • 27 наурыз 2020
  • 3648

Қазақстанда коронавирус инфекциясына шалдыққандардың саны тағы артты. Бүгін бұл тізімге Атырау, Павлодар және Маңғыстау облыстары қосылды. Соңғы ақпарат бойынша науқастардың саны 135-ке жеткен. Бір адам көз жұмды. Үш науқас дертінен айыққан. Елдегі жағдайды бақылап отырған әріптесім Асылбек Данияр тақырыпты толықтырады.

Коронавирус инфекциясы бойынша бүгін 21 жағдай анықталды. Науқастардың жалпы саны - 135. Оның 69-ы Нұр-Сұлтанда, 48-і Алматыда, 4-еуі Қарағандыда, 2-еуі Шымкентте. Атырау мен Жамбыл облыстарында 3 науқастан бар. Сондай-ақ: Ақмола Алматы ,Ақтөбе , Павлодар,Солтүстік Қазақстан және Маңғыстау облысында да тіркелді. Соңғы дерек бойынша 6 науқастың жағдайы ауыр. Өкінішке орай аурудан Целиноград ауданының 64 жастағы тұрғыны жан тапсырды. Онымен байланыста болған туыстарымен қатар, Алматы облысының - 6, Жамбыл облысының - 9 азаматы жедел түрде оқшауланған. Науқас жатқан №2 көпсалалы облыстық ауруханасы да карантинге жабылды.

Сүлен ІЛИЯСОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Кеше Ақмола облысы Қосшы ауылының 1956 жылы туған әйел адамның өліміне қатысты қорытынды бойынша: ол кісіде екіжақты пневмония, тыныс алу жолдарының тарылуы, қант диабеті болған. Пневмонияға COVID-19 індеті түрткі болған. Марқұм 25 наурыз күні таңғы 7-де жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген.

Бүгін елордадағы № 1 автобус паркінің жұмысшысы COVID-19-ды жұқтырған адаммен байланыста болғаны анықталған. Қызметкерлер мен жолаушылардың қауіпсіздігін ойлаған мекеме де карантинге алынды. 

Бекмырза ИГЕНБЕРДИНОВ, ҚАЛАЛЫҚ КӨЛІК ЖҮЙЕЛЕРІНІҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Автопарктың, автобустардың бүкіл аумағы залалсыздандырылды. Қызметкермен тығыз байланыста болғандар ауруханаға, кейбіреулері үй карантиніне жатқызылды. Біз қалада карантин кезеңінде қоғамдық көлікті толық тоқтата тұру туралы ұсынысты қарастырып жатырмыз.

Алматыдағы екі науқастық жағдайы нашар. Оның біреуі бала болса, екіншісі - 56 жаста. Ол өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Мегаполюсте бір күн бұрын карантинде 56 бала жатса, олардың саны тәулік ішінде 72-ге жеткен. Соңғы анықталғандар Украина, Ресей және Түркиядан ұшып келгендер.

Тілеухан ӘБІЛДАЕВ, АЛМАТЫ қ. ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Қазіргі уақытта провизорлық орталықтарда 1099 адам бар, оның 72-і - бала. Карантиндік орталықтарда 471 адам бар. Үй карантинінде 2037 адам бар. Карантиндегі барлық адамның дене температурасы қалыпты. Катаралдық  симптомдары жоқ.

Бүгін мемлекеттік комиссияның кезекті отырсында карантин шараларын күшейту бойынша бірқатар тапсырмалар қаралды. Ертеңнен бастап қос қалада тұрғындардың кешеде жүруіне сондай-ақ қоғамдық көліктердің қозғалысынада шектеу қойылмақ. Министр тәртіпке бағынбағандарға қатаң жаза қолданылады деді.

Дәурен АБАЕВ, ҚР АҚПАРАТ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:

Егер азаматтар басқа себептермен шыққан болса, онда алдымен ескерту, одан кейін 26 500 теңге  мөлшерінде айыппұл салынуы немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынуы мүмкін. Полиция қызметкерлері хаттама толтырып, істі сот қарайды. Билік өкілінің заңды талабына бағынбағаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген.

Айта кетсем, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 30 наурыз бен 5 сәуір аралығында кәсіпорындар мен ұйымдардың жұмысы уақытша тоқтатылады.

А. Данияр