Русский Сайттың толық нұсқасы

Бірқатар аймақтар карантинге жабылды

  • AstanaTV
  • 30 наурыз 2020
  • 4659

Атырауда коронавирус жұқтырғандар саны 12-ге жетті. Қауіпті індетке шалдыққандар арасында медицина қызметкерлері де бар. Осыған орай аймақта карантин жарияланды. Қарағанды облысында да шектеулер қойылды. Ал Ақтөбе бүгін түннен бастап шекарасын бекемдемек. Аймақтардағы жағдайды, тілшілеріміздің баяндайды.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Атырауда алғаш рет қауіпті індет өткен жұмада тіркелген еді. Айналдырған үш күнде оны  жұқтырғандар саны артып, аймақта карантин жариялау туралы қаулы қабылдады.

Іле-шала шаһардың 4 жағынан блок-пост қойылды. Сондай-ақ пойыздар да тоқтады.

Әлібек ҚАЙЫРОВ, АТЫРАУ ОБЛЫСЫ ПД ЖЕРГІЛІКТІ ҚЫЗМЕТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

2 сәуір 00-ден бастап, толықтай Атырау қаласына кіруге немесе шығуға толықтай тыйым салынады. Сондықтан осы аралықта әр Атырау тұрғыны өз мекен-жайына жету керек.

Қазір көшеде көлік қозғалысы едәуір азайған. Өңірдегі дәріханаларда маска тапшылығы сезілгенімен, бетпердесіз жүргендер аз. Қаладағы сауда, ойын-сауық, демалыс орындарының есіктеріне құлып салынды. 

Үй карантинінде жатқанына қарамастан, аулада емін-еркін қыдырған мына азаматшаның видеосы, әлеуметтік желі арқылы тарап үлгерді. Тәртіпке бағынбаған тұрғынға қатысты құзырлы орындар хаттама толтырып, сотқа жолдаған. Облыстық әкімдік таратқан мәліметке сүйенсек, аймақта 200-ге жуық адам оқшауланған.

Гүлнафис ТАҢБАЕВА, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
 
12 науқас та бүгінгі күні облыстық аурухананың бөлінген 130 койкада КВИ-ге күдікті анықталған жағдайда емделетін стационарға салынды. 3 медициналық қызмерлердің де жағдайы қанағаттанарлық.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:


Өңірде 109 жедел желісі іске қосылды. Алайда тұрғындар  хабарласу  мүмкін еместігіне шағымдануда. Мамандар мұны адам күшінің жетіспеуімен түсіндіріп отыр. Қазір шаһарда  еріктілер штабы құрылды. Төтенше жағдай кезінде көмек қолын созам деушілерді қуана  қабылдауға әзір. Дәл осындай шектеулер Қарағанды облысына да енгізілген екен. Әріптесім Айжан Қуаш ол жайында айтуға дайын. Айжан!

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:

Иә, Базаргүл, бүгіннен бастап біздің облысының 5 қаласына да карантин жарияланды. Қарағандының өз басынан бөлек, Саран, Шахтинск, Абай және Теміртау қалалары да жабылды. 

Облыс орталығындағы  көп қабатты үйдің біріне күзет қойылды. Өйткені мұнда қонаққа келген адамнан коронавирус белгілері анықталған. Енді 17 отбасы, шамамен 60- тан астам адам екі апта бойы үйден шықпайды. Азық- түлік пен дәрі- дәрмекті оларға полицейлер әкеп береді. 

Қанат АСҚАРОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНЫҢ БАС САНИТАРЛЫҚ ДӘРІГЕРІ:

Тұрғындарды 14 күн бойы қажетті азық- түлік пен дәрі-дәрмекпен қамтимыз. Олар өздері тапсырыс береді, супермаркеттер жеткізген соң полицейлер оларға апарып береді. Медициналық көмек талап етсе оны да көрсетеміз.

Карантин енгізілген қалаларда барлық қоғамдық орындар жабылды. Тек қала аралық көлік қатынасы ғана тоқтаған жоқ. Алайда облыстар арасындағы көлік қатынасына тыйым салынды. Жолаушылардың қауіпсіздік ережесін бұзбауын 13 блок-постағы санитарлары мен полицейлер қадағалауда.

Құрманғали ЫСМАҒҰЛОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСШЫСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Қарағанды арқылы өтетін транзиттік көлік Шығыс айналмасы арқылы Алматы- Екатеринбург жолымен жүретін болады. Сонымен бірге Абай, Шахтинск, Саран қалалары жабылғандықтан Павлодар- Қызылорда жолында Бидайық кентінің маңында полиция тұрып, көліктерді Ақсу- Аюлы елді мекеніне қарай Алматы- Екатеринбург жолына бағыттап жіберіп отырады. 

Бүгінде аймақта 500-ден астам адам стационаралық карантинге жатқызылған. Тағы 421 тұрғын үйлерінде оқшауланған. Бұған дейін 7 науқас емделіп жатқан еді. Бүгін тағы 6 адамнан коронавирус анықталды. Олар жуықта Минскіден ұшып келген студенттер.

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:

Елдегі жағдайды пайлананып арандатушылар мен жалған ақпарат таратушылар, тіпті төтенше жағдай ережесін бұзғандар да кездесіп жатыр. Полиция соңғы бірнеше апта осындай 200-ге тарта істі тіркепті. Ал Ақтөбе облысында жағдай қалай? Өңірге карантин енгізілді ме? Әріптесім Бақыт Рахметова айтып береді.

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:


Рахмет, Айжан! Бізде бүгін түнде карантин енгізілмекші. Өйткені дертті жұқтырғандар саны артуда. Кеше кешкілік тағы бір адамның кеселге шалдыққаны анықталды. Ол азамат Ақтау қаласынан ұшақпен келген. Санитар дәрігерлер келген бойда анықтап, оқшаулапты. Науқаспен бірге келген 17 жолаушыда қазір карантинге жатқызылды.
 
Нұрсұлу БЕРКІМБАЕВА, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ТАУАРЛАР ЖӘНЕ КӨРСЕТІЛГЕН ҚЫЗМЕТТЕРДІҢ САПАСЫ МЕН ҚАУІПСІЗДІГІН БАҚЫЛАЙТЫН ДЕПАРТАМЕНТ БАСШЫСЫ:
 
Қазіргі таңда оның жағдайы тұрақты. Бірақ инфекциялық стационарға жатқызу бойынша сұрақтар шешіліп жатыр. Қасында болған 17 жолаушы да оқшауланды.


Облыста қауіпсіздік шаралары күшейтілген. 40 блок бекет қойылып, енді кіріп-шығуға шектеу қойылмақшы. Сонымен қатар өңірде балабақшалар да жұмысын тоқтатады. Тек азық-түлік дүкендері мен дәріханалар ғана ашық болады.

Қанат ӘЛИЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Азаматтардың шоғырлануын жібермеу, жеке сонымен бірге заңды тұлғалардың карантин тәртібін сақтауды бақылау мақсатында полиция қызметкерлері Ақтөбе қаласы мен облыстық елді мекендерінде патруль жүргізу күшейтіледі.

Айта кетейік, ақтөбеліктер коммуналдық төлемдерден, анығын айтқанда: су, жарық, газдың төлемдерінен наурыз- сәуір айларына уақытша босатылған.

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:

Ал, облыста бүгінде екі адам дертті жұқтырған. 143 тұрғын ауруханаға карантинге жатқызылған. 558 адам үй карантиніне алынды.


Б. Рахметова, Б. Нәдірқызы, А. Қуаш