Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанда коронавирустан қайтыс болған 2-нші жағдай тіркелді,- С.Қисықова

  • AstanaTV
  • 31 наурыз 2020
  • 2573

Әлемде пандемияның құрбандары 39 мыңға жуықтады. Ал, бүгін бізде коронавирус инфекциясын жұқтырған 2-нші науқас көз жұмды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова мәлім етті. Бұдан бөлек, тәулік сайын вирусқа шалдыққандар саны еселеніп келеді. Соңғы ақпараттармен әріптесім Асылбек Данияр бөліседі.

COVID-19 инфекциясы тағы бір отандасымыздың өмірін жалмады. Дүние салған 50 жастағы ер адам елорданың тұрғыны. Онымен тығыз байланыста болған -31 адам стационарлық, 55 тұрғын үй карантиніне жатқызылған. Сәуле Қисықова вирус марқұмның отбасындағы екі адамға жұққанын жеткізді.

Сәуле ҚИСЫҚОВА, НҰР-СҰЛТАН қ. ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Науқас келіп түскенде оның жағдайы ауыр болды. 22 наурызында жансақтау және шұғыл терапия бөлімшесіне ауыстырылды. Тынысы тарылып, оған екі жақты пневмония диагнозы қойылды. Пациенттің созылмалы ауру кесірінен  жағдайы күн сайын асқына берді. Диагностика кезінде коронавирус инфекциясы расталған.  Шұғыл терапияға қарамастан, тыныс алу, жүрек және бүйрек функцияларының жетіспеушілігі салдарынан 31 наурыз түнгі 03.30-да науқастың жүрегі тоқтады.

Елде кеселді жұқтырғандардың саны белсенді түрде өсуде. Бүгін тағы 34 науқас тіркелді. Жалпы ел аумағында індет жұқтырғандар саны: 336-ға жетті. Әдеттегідей Нұр-Сұлтан көш басында, 175 науқас тіркелген. Одан кейін Алматы, онда - 82. Қызылорда облысында - 18, Атырау, Қарағанды облыстарында 13-тен. Қазір дерттен аман аймақтар, ол - Түркістан мен Қостанай облыстары. Соңғы мәліметке сәйкес, 7 адамның жағдайы ауыр. 22 науқас дерттен айыққан. Минстр Елжан Біртанов сырқаттарды қалай емдеп жатқанын айтты.

Елжан БІРТАНОВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:


Басқа мемлекеттермен біз апта сайын видео-конференциялар өткізіп, қажетті өзгерістер енгізіп жатырмыз.  Сонымен тек қана осы халықаралық протокол арқылы пайдаланатын дәрілерді біз пайдаланып жатырмыз. Вирусқа қарсы дәрі-дәрмектер бізде бар 10 мың науқасқа арналған.

Коронавирус пандемиясы дүниежүзі халқын да есеңгіретіп тастады. 800 000-нан астам адам кеселді жұқтырған. 39 мыңдай науқас вирус құрбанына айналды.
173 000 адам құлан таза айығыпты. АҚШ-тың 165 мыңдай азаматынан вирус анықталған. Өлім шығыны ең көп жағдай Италияда тіркелген. Ал вирустың ошағы - Қытайда ауырған адамның 95 пайызы айыққан.

А. Данияр