Қашықтықтан оқу кезінде мұғалімдердің жалақысы қысқармайды. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бүгін осыны жеткізді. Оның айтуынша, күтпеген жерден жаңа форматқа көшу ұстаздарға екі есе ауыртпалық салып отыр. Ал ғаламторы жоқ шалғайдағы мектептер, 4-ші тоқсанда қашықтықтан оқуға көшпейтін болды. Толығырақ тілшіміз әңгімелейді.
Елде ғаламтор желісі жоқ ауылдар әлі де болса бар. Павлодар облысындағы Жаңатілек ауылының тұрғыны қашықтықтан оқу форматына көшуге дайын емес екендерін айтты. Елді мекенде 200-дей отбасы тұратын болса, соның тең жартысында интернет істемейді, дейді.
Марат ҚАЖАЙ, ЖАҢАТІЛЕК АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Ұялы байланыс, билайн мен актив ұстайды. Бірақ оның интернеті әлсіз. Ватсаптың өзінде сөз жазып жіберсең, екі күннен кейін барады. Бір күннен кейін барады. Ал ол жерде сабақты түсіріп жіберген жағдайдың өзінде, олар сол күні оқи алмайды оны.
Білім және ғылым министрі ғаламтор мәселесі бар екенін жасырмайды. Қазір бұл түйіткілді жергілікті әкімдіктер арқылы шешпекші. Дегенмен Асхат Аймағамбетов тығырықтан шығар жол бар деді.
Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІ:
"Интернет провайдер бойынша біз ақпарат бердік. Келіссөздер жүргіздік. Осы келіссөздер шеңберінде білім беру ресурстарын арнайы тізім бойынша ақысыз пайдалануға болады. Бұл тізімді біз белгілеп бердік. Сондықтан әр білім беру және алу бойынша осы ресурстар тегін болады".
Ал, интернеті жоқ шалғайдағы елді-мекен оқушылары, білімдерін әдеттегідей мектепте жалғастырады. Оған бір ауысымда оқитын әрі бала саны аз білім беру мекемелері кіреді. Мұнда сабақ өткізу уақыты 30 минутқа қысқартылмақ. Асхат Аймағамбетов қашықтықтан оқу форматына көшуге мәжбүр болған мұғалімдердің жалақысы қысқармайтынын баса айтты. Карантин студенттердің де шәкіртақысына әсер етпейді деді. Ұлттық біріңғай тест те өз уақытында өтетінін жеткізді. Алайда, күтпеген жағдай болса, оқу мерзімі ұзаруы мүмкін деп отыр. Сонымен қатар, жұма күні әр өңірде республикалық ата-аналар жиналысы өтпек, онда жаңа формат туралы түсіндіріледі.
А. Мүтәлі