Русский Сайттың толық нұсқасы

Мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын созған азаматқа алғыс жарияланатын болды

  • AstanaTV
  • 04 қазан 2017
  • 4016

Білікті маман, қайырлы қызметкер. Мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын созған қостанайлық Сағдат Бектұровқа мемлекеттік корпорация тарапынан алғыс жарияланатын болды. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» акционерлік қоғамының өкілдері мәлімдеді. Өзгені өз үйіне тіркеуге қойып, құжаттарын рәсімдеуге, баспаналы болуға көмектескен азаматпен тілшіміз Заңғар Санай тілдесіп қайтты. 

Затабол кентінде тұратын Зелевскийлер отбасы қайырымды азаматтың жақсылығын ешқашан ұмытпақ емес. Баспанасы жоқ, тіркеуге де тұрмаған мүгедек жандарды үш жыл бұрын Сағдат Бектұров өз үйіне тіркеуге қойыпты. Сөйтіп баласының құжаттарын рәсімдеуге, баспана кезегіне тұруға көмектескен. Жуықта оларға аудан билігі тарапынан пәтер берілді.

Андрей Зелевский:

Сағдат өз үйіне тіркеуге қойғысы келетінін айтты. Әйтпесе біз әлеуметтік  төлемақылардан қағылар едік. Мүмкіндігі шектеулі жандарға бір жерге барып, құжат рәсімдеу өте қиын. Ал бұл азамат өзі келіп көмектесті.

Светлана Зелевская:

Халыққа қызмет көрсету орталығына хабарласып, бізге жақсылық жасаған адамды іздестірдік. Кейін оны қызымыздың туған күніне қонаққа шақырдық.

Ісіне мығым, қызметіне адал Сағдат Айтбайұлы 9 жылдан бері халыққа қызмет көрсету  саласында еңбек етіп келеді. Ол осы уақыт аралығында қатардағы қызметкерден аудандық филиалдың басшылығына дейін көтірелген. Қол ұшын созып, көпшілікке көмектесуді азаматтық міндетім деп біледі. Алайда, жасаған жақсылығын жария еткісі келмейді.

Сағдат Бектұров, «Халыққа қызмет көрсету орталығы» аудандық филиалы басшысы:

Тек ғана халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары емес, Қазақстан Республикасының әр азаматы осындай жақсылық істейді деп ойлаймын, және істеп келе жатыр. Мен мұны, әрине, жариялағым келген жоқ. Осындай жағдай болғаннан кейін көмектестім.

Мүгедектерге қарайласқан корпорация қызметкерінің қайырлы ісі ескерусіз қалған жоқ.  «Азаматтарға арналған үкімет» акционерлік қоғамының орталық аппараты мен облыстық филиалы оған алғыс жариялаймыз деп отыр.

Еркін Жұмабай, «ХҚО» Қостанай облысы бойынша департаментінің директоры:

Біздің қызметкерлердің қатарында осындай азаматтың болғаны бір ғанибет емес пе?! Және оның жасаған жақсылығы өзге әріптестеріне өнеге, жас мамандарға үлгі  болады деп ойлаймын.

Көзінен айрылған Андрей мен сал ауырына шалдыққан Светлана халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерінің амандығын тілеп, алғысын жаудырып отыр. Екі бөлмелі пәтерде тұратын ерлі-зайыптылар екінші баласының шілдеханасына да Сағдат Бектұровты асыға күтеміз дейді. 

Заңғар САНАЙ