Русский Сайттың толық нұсқасы

Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеме жасады

  • AstanaTV
  • 01 сәуір 2020
  • 4042

Зейнетақы, жәрдемақы 10 пайызға өсетін болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жайында қазақстандықтарға жолдаған үндеуінде айтты. Одан бөлек мемлекет тағайындаған 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік көмекті өзін-өзі жұмыспен қамтығандар да алатын болды. Тіпті жұмыссыз екенін ресми тіркегендер де бұған құқылы екенін жеткізді. Президент шағын және орта кәсіп иелелеріне де жеңілдіктер жасап отыр. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі төтенше жағдайға байланысты, табыссыз қалған азаматтарды тағы да қолдауға шақырды. Бұл санатқа енді өзін-өзі жұмыспен қамтып келгендер, ресми тіркелмей-ақ табыс тауып жүргендер де кіретін болды. Шамамен 3 миллионға жуық қазақстандық 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік көмекті ала алады. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы 800 мыңнан астам қазақстандықты тегін азық-түлікпен қамтуды тапсырды. Мұндай қолдауға мүгедектер мен жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар ие болмақ.  

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Инфляцияның артуына байланысты зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін 10 пайызға индексациялауды тапсырдым. Осыған орай, аталған санаттағы азаматтардың табысын арттыру үшін мемлекет тарапынан 200 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінеді.

Президент медициналық әлеуметтік сақтандыру жүйесіне тіркелмеген азаматтар да, көмексіз қалмайтынын айтты. Сақтандыру құқығы 1-ші шілдеге дейін ұзартылды. Сонымен қатар, кәсіпкерлер қазанға дейін салықтан босатылмақ. Оған сауда, көлік қызметі, қонақ үй, туризм және басқа да салалар кіреді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге де қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, бюджеттен 70 миллиард теңге бөлінеді. Көктемгі егіс науқаны үшін "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы арқылы қосымша 100 миллиард теңге бөлуді тапсырамын. Ең алдымен шағын және орта шаруа қожалықтарына қолдау көрсеткен жөн.

Мемлекет басшысы Үкіметке жанармай бағасын арзандатуды тапсырды. Әсіресе, көктемгі егістік науқаны үшін шаруа қожалықтарына дизель отынын жеңілдетілген бағада беруді ескертті. Бұдан бөлек әлемді есеңгіреткен инфекциямен күресіп жатқан дәрігерлердің еңбегі еленеді деді. Сарапшылар бұл үндеу дер кезінде жасалған қадам дейді.   
 
Жанна КӘРІМОВА, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ИНСТИТУТЫ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Бұл тек қана Денсаулық сақтау жүйесі үшін ғана емес, бүкіл мемлекеттік басқару үшін. Бизнес үшін, қатардағы қазақстандықтар үшін үлкен стресс тест есебінде болып шықты. Осындай уақытта мемлекет уақытылы іс-шараларды қолға ала білді.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта бизнес өкілдерінің несиелерін кейінге шегеру туралы тапсырма берді. Мемлекет қаржылық ұйымдарға талай қолдау білдірілгенін еске салған Президент банктерден дәл сондай көмек күтетінін айтты. Сонымен қатар, Ұлттық қордың қаржысын дұрыс жұмсау қажеттілігін айтып, есеп комитетіне оның ашықтығын қадағалауды тапсырды.

А. Мүтәлі