Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандыда 210 көпқабатты үйдің тұрғындары жылусыз отыр, ал Қызылжарда тұрғындар жарықсыз қалды

  • AstanaTV
  • 04 қазан 2017
  • 3430

Жылу беру маусымы қарағандылықтар үшін қиындықпен басталды. Қаладағы нысандар қазанның бірінен жылуға қосыла бастағанымен, әлі де 210 көпқабатты үй жылусыз отыр. Олардың кейбірі жеке пәтер иелерінің салғырттығынан болса, кей ықшам аудандарда құбырлар жөнделіп бітпеген. Күздің қара суығында бүрсең қаққан халық жылытқыш қосып күнелтуде. Ал, Қызылжарда пәтер жылытамыз деп пеш қосқан тұрғындар жарықсыз қалды.  Бүгін қаланың алты бірдей тұрғын үйінде баспаналарға жылу берілмей, электр жүйелеріне жүк түсіп жатыр. Өңірлердегі тілшілеріміз мәселенің анық-қанығын жеткізеді.

Айжан Қуаш, тілші:

Жағдай әсіресе Пришахтинск ауданында күрделі. Мұнда бақандай 183 үй жылуға қосылмаған. Мердігер компания жылу тасымалдаушы құбырларды жөндеп бітпеген. Ал соңғы күндері ауа райының күрт бұзылуы баспаналарды суытып жіберген. Бүлдіршіндер мен қарттардың алды сырқаттанып жатыр.

Босанғанына 1 ай болған Надежда сәбиі үшін алаңдаулы. Балам тоңбасын деп, тәулік бойы жылытқыш қосады. Қырыққабат етіп орап тастаған нәрестені шомылдыруға да қорқатынын,-айтады.

Надежда Перепелицина, Қарағанды қаласының тұрғыны:

Жаялыққа орап алып, тербетіп ұйықтатамын. Соның өзінде қолы мен мұрны сұп-суық. Күн сайын суға түсіре алмаймын. Суықтап ауырып қалса не әстеймін? Бар тілерім-тезірек жылу берілсе екен.

Ал, ерлі-зайыпты Ахметовтер сырқаттанып үлгерген. Жылытқыш қосқанмен, оның қуаты екі бөлмелі пәтерге жетпейді. Шарасыз тұрғындар енді не істерін білмей дағдарып отыр.

Зекен Ахметова, Қарағанды қаласының тұрғыны:

Ыстық шәйді жиі-жиі қайнатып, ыстық шәй ішіп отырмыз. Өзімде хронический бронхит, жолдасымда астма. Бойымызды суытуға болмайды. Қазірдің өзінде жөтел, тек қана дәрінің күшімен отыр.

Қарағанды қалалық әкімдігінің өкілдері бұл жағдайға бас мердігерді кінәлайды. Компания жылу құбырларын мерзімінде жөндеп тапсыра алмаған.

Рүстем Қожақапанов, Қарағанды қалалық әкімдігі ТҮКШ үйлестіру бөлімінің жетекшісі:

Жұмыс қазанның біріне дейін аяқталуы тиіс еді. Бірақ бас мердігермен келісімшарт жасасқан компания құбырларды дер кезінде әкелмеді. Сондықтан мердігер басқа компаниямен қайта уағдаласып, құбырлар алды. Дәнекерлеу жұмыстары бүгін аяқталады.

Мамандардың айтуынша, Қарағандыда жылу құбырларының 60 пайызы тозған. Сондықтан 2020 жылға дейін оларды толық айырбастау жоспарланған. Бұл жұмыс аяқталса, қалада жылу проблемасы азаюы мүмкін.

Айжан Қуаш, тілші:

Шенеуніктер Пришахтинск тұрғындарына жылу ертең беріледі деп, уәде берді. Ал  Қарағандыға бүгін алғашқы қар түсіп үлгерді. Синоптиктер күннің суытатынын ескертеді. Дәл осындай ескерту Солтүстік Қазақстан облысына да жасалған. Сөзді аймақтағы әріптесім Абзал Құрманкинге беремін . 

Абзал Құрманкин, тілші:

Бүгін Қызылжарда да алғашқы қар жауды. Ал жылусыз абдырап отырған бұқараның ахуалы оңалар емес. Бүгінде мыңнан астам тұрғын үйдің тек 654-не ғана жылу берілген. Жұрт үйлерін электр жылытқыштарымен жылтуға мәжбүр. Алайда, ауыр жүкті арқалаған электр сымдары сыр беріп жатыр.

Бөкетов көшесіндегі 65 үйде жарық кеше кешке өшіп қалған. Ата-аналар майшамды қосып, балаларымен сабақты сығырайып оқығандарын айтады. Кейбір тұрғындар азынаған үйлерін тастап, туыстарын паналауға кеткен.

Людмила Евсина, Петропавл қаласының тұрғыны:

Кеше не әкімдік, не энергетиктер телефонды көтермеді. Үй тұрғындарының дені - зейнеткерлер. Бәріміз сықтап ауырып жатырмыз.

Бұл баспана 4 айдан бері ыстық сусыз отыр екен. Қыс түскенде жылуға да қол жеткізе алмай келеді. Бұл аз болғандай, енді жарықтан қағылды. Жұрт «тоқсаныншы жылдарға оралдық» деп ашынады.

Абдолла Әбдірахманов, Петропавл қаласының тұрғыны:

Біздің қасымыздағы Васильева көшесін үшінші рет жөндеп жатыр. Құбырды үзіп-үзіп ауыстырады. Биыл жазда екі рет қопарды.

Олқылықты жоюмен айналысып жатқан энергектиктер айналаны қазып тастады. Айтуларынша, бұл үйлерге тартылған электр сымдары отыз жылдан бері ауыстырылмаған.

Михаил Куликов, инженер:

Бұл үйде жылу жоқ. Барлығы электр жылытқыштарды қосып, сым күйіп кетті. Енді өзгесін қояйын деп жатырмыз. 

Әзірге қала бойынша алты тұрғын үй жарықсыз отыр. Құзырлы мекеме өкілдері, электр энергиясы кешке дейін беріледі, деп сендіреді. Шаһарда әлі де төрт жүзден астам баспана жылуға қосылмаған. Олар да үйлерін электр құрылғыларымен жылытып жатса керек. Демек, жылу бүкіл үйлерге берілмейінше, тағы бірқатар тұрғын үйлердің жарықсыз қалуы ғажап емес.

Абзал Құрманкин, тілші:

Айта кету керек, біз кеше хабарлаған 5 әлеуметтік нысанның үшеуі бүгін жылуға қосылған. Алайда қысымы сын көтермейді. Ал «Искорка» және «Чайка» балабақшалары әлі де қатып жатыр.